Қазақстан ХҚДБ-дан 345 млн еуро қарыз алмақ

Жарияланды
Бұл қаржы бюджет жыртығын жамауға жұмсалады

Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 345,7 миллион еуро қарыз алатын болды. Бүгін Парламент Сенаты тиісті заң жобасын қабылдады. Келісімге биыл 24 тамызда қол қойылған.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, несие толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады.

«Несие қаражаты қабылданған бюджет шығысын, оның ішінде әлеуметтік және басқа да басым мақсаттарға бағытталған шығыстарды қолдауға көмектеседі. Несие Қазақстанға 11,5 жыл өтеу мерзімімен, оның ішінде 2,5 жыл жеңілдік кезеңімен беріледі», деді Жамаубаев Сенат отырысында.

Сыйақы мөлшерлемесі несие сомасының 0,25% құрайды, брондалған комиссия игерілмеген несие сомасы үшін 0,25%. Тартылған кредитке қызмет көрсету және өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдауға бірауыздан дауыс беріп, құжат президентке қол қоюға жіберіледі.

Қазан айында мәжіліс алаңында Ерұлан Жамаубаев бюджет тапшылығын ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызына дейін төмендетуге уәде берген болатын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 3,3 пайызды құрап отыр.

Вице-премьер ХҚДБ-дан алынатын миллиондаған несиені Қазақстан үшін аса үлкен қарыз емес деп есептейді. Бұған дейін де еліміз сырттан бұдан да қомақты қарыз алған. Ол Үкімет еліміздің бюджет тапшылығын азайтуға күш салып жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз