Қаржылық сауатыңыз қай деңгейде?

Жарияланды
Назарыңызға 18 қаржылық әдет ұсынамыз

Ақша ұстауға қатысты жақсы әдеттердің болғаны дұрыс. Болмаса, тезірек қалыптастырып, бойға сіңіру керек. Олай дейтін себебіміз — кризис кезінде әлгі әдеттеріңізді сізді алып шығатындықтан. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Ақылың мен қайратың екі жақтап» дегеннің заманауи интерпретациясы ретінде «дағдарыс уақытында алып шығатын — осы қаржылық әдеттеріңіз» дегенді айта аламыз. Бүгінгі материалымызда өзіңізді сынап көруді ұсынамыз. Қаржылық сауаты бар адамның сипаттарын тізіп шықтық. Осының ішінде нешеуі сіздің бойыңызда бар? Санап көріңіз.

  1. Қорыңыз бар. Қай заманда болсын, қай адамға болсын қаржылай қор қажет. Әсіресе, қазіргідей алмағайып кезеңде екі есе маңызды. Мейлі үйде қолма-қол ақшамен жинайсыз ба, жоқ әлде банкте депозит түрінде сақтайсыз ба — бәрібір. Сізде кемінде үш айлық жалақыңызға тең болатын ақша бар. Оны бірдеңе бола қалған жағдайда керек болады деп сақтап жүрсіз. Жұмыстан шығып қалсаңыз, ауырып қалсаңыз, басқа бір қиын жағдайға тап болсаңыз, қорыңызға сенесіз. Бастысы, бастапқы үш ай ақша туралы уайымдамауға болады. Ал осы аралықта тұрақты табыстың басқа жолын қарастырып, жұмысты реттеп үлгересіз. Бастысы, жалдап тұратын болсаңыз пәтер ақысы, ипотека болса, соның төлемі, коммуналдық төлемдер мен азық-түлікке анық жететін қор болса болғаны. Осы дүниені құнттаған болсаңыз, демек сізде қаржылық сауат қалыптасқан деуге болады.
  2. Әр айлықтың белгілі бір бөлігін жинайсыз. Айталық, сіз айлық түскен сайын оның 15 пайызын депозитке салып отырасыз. Бұл — өте жақсы әдет. Қалыптастырғаныңызға ду қол шапалақ соғуға болады. Әрі сіздің бұл әдетіңіз мынадай екі жақсы дүниені білдіреді. Біріншіден, сіздің табысыңыз шығындарыңыздан әлдеқайда артық. Бұл өте керемет. Яғни сіз айлықтан айлыққа сүйретіліп жетіп жүргендерден емессіз. Жалақыңыз артылады. Тәртіпсүйгіш адам ретінде артылған екен деп жұмсап тастамайсыз, міндетті түрде қорға саласыз. Екінші жақсы тұсы — ай сайынғы қорыңыз ұлғая береді. 
  3. Әр шығыныңызды бақылап, түртіп отырасыз. Негізі ақша мен есеп — егіз ұғым. Қаржылық сауаттың негізі — қаражатты есептей білу. Ақшаға қалай болса солай қарамаған жөн. Егер сіз сатып алған әр затты бір жерге жазып алып жүретін болсаңыз, демек қаржылық сауатыңыз жақсы деген сөз. Есеп жүргізгеннің арқасында сіз анализ жасайсыз. Қай жерде бос шығын болды, соны анықтайсыз. Келесіде сол кеткен қателіктерді қайталамауға тырысасыз. Ол сіздің ұсақ, шық бермес Шығайбай екеніңізді білдірмейді. 
  4. Бірнеше «әмияныңыз» бар. Қаржы мәселесіне келгенде сіз «миымда есептеп қойдым» деп жүрмейсіз. Әр ақшаның орны бар деп есептейсіз. Айталық, күнделікті керек-жараққа жұмсайтын ақша картаңызда тұрады. Ал әлдебір жағдай бола қалған кезде жинақ шотындағы ақшаны аласыз. Егер көлемді зат алатын болсаңыз, мысалы, пәтер немесе көлік аларда депозиттегі ақшаңыздан шешесіз. Яғни сізде әр әмиянның жұмсалу мақсаты бар. Бірін екіншісімен араластырмайсыз. 
  5. Үнемдеуді қатырасыз. Күнделікті ұсақ-түйектен бастап, басқа да заттарды аларда үнемдеу әдісін жақсы білесіз. Мысалы, сіз бір алғанда ыдыс жуатын сұйықтықты бірден 5 литр алып қоясыз. Сонда ай сайын алып жүрмейсіз әрі көлемді қаптамамен алған үнемдірек. Қарныңыз ашқан кезде супермаркетке жүгірмейсіз. Өйткені аш адам көп алып қоятынын жақсы білесіз. Одан қала берді маркетиң әдістеріне алданбайсыз. Ойланбай зат алдыруға итермелейтін мерчендайзерлердің қақпанына түспейсіз.
  6. Бос шығыннан алшақ жүресіз. Мысалы, пакеттің өзіне ақша құрта бермейсіз. Оның орнына үйден шоппер алып шығасыз. Бір жағынан эко-френдли ұстанымыңыз да бұл тұрғыда көмектесуі мүмкін. Ақшасын желге ұшырғысы келген адамға таңдау көп. Тамақ істеуге ерініп, күнде-күнде мейрамханадан тамақ алдыратындар болады. Сіз ондай емессіз. Айына бір сондай демалыс жариялауыңыз мүмкін. Бірақ тұрақты түрде жеткізу қызметін қолданбайсыз. Жұмысқа барарда кофеханаға кіріп, сусынды өзіңізбен ала кетпейсіз. Дәл сондай кофені үйден де әзірлей аласыз. Қатты кофеман болсаңыз, үйден алып шығасыз. 
  7. Алатын заттардың тізімін жасайсыз. Бос шығыннан құтылудың бірден-бір жолы осы екенін білесіз. Сондықтан дүкенге шығарда міндетті түрде тізім жасап шығасыз. Не нәрсе нақты керек болса, соны ғана аласыз. Көзіңіз қызығып қажет емес дүниені алып қоятын кезіңіз сирек.
  8. Бюджетіңіздің айлық, жылдық жоспарын жасайсыз. Ақшамен қарым-қатынасты қарапайым, бірақ түсінікті етудің жолы — қаржылық жоспар жасау. Қандай шығын міндетті екенін жақсы білгендіктен, алдымен соларды есептейсіз де, әрмен қарай ойын-сауыққа қанша қалатынын біліп отырасыз. Алда көлемді дүние алу жоспарда болса, оған ақша жинауды әріден бастайсыз. Осы әдетіңіздің арқасында «бірде — көл, бірде — шөл» болып жүрмейсіз.
  9. Айлыққа бірнеше күн қалғанда әр сөмкенің ішін тексеріп, ақша іздемейсіз. Сізде жалақы түсуге екі күн қалғанда қарыз сұрау деген болмайды. Нан мен сүт алуға ақша қалмайтын кез де сізге таныс емес. Бұл сіздің не жақсы жалақы алып, керегіңіз тапқаныңыздан аз екенін, не бюджетті керім жоспарлайтыныңызды білдіреді.
  10. Коммуналдық төлем, айыппұлдар мен салықты уақытылы төлейсіз. Өсімпұл қосылып кететіндей жағдайға апармайсыз. Әр төлемнің күнін жақсы білгендіктен, оған ақшаны да алдын-ала дайындап қоясыз. Мысалы, коммуналдық ақы әр айдың 10-на келсе, сіз орташа шаманы біліп, оған ақша алып қойғансыз. Мүлік салығының да уақыты мен көлемі сізге белгілі. Жалпы тәртіппен жүргенді жақсы көресіз. Жылдамдық асырып, сол үшін айыппұл келген күннің өзінде оны дереу төлеп тастайсыз.
  11. Қаржылық мақсат бар. Оған жету жолын да жоспарлап қойғансыз. Мысалы осы жазда сіз Мальдив аралдарына барғыңыз келеді. Ол үшін ай сайын бөлек жинақ керегін білесіз де, сондай мақсат қоясыз. Қанша ақша керегін де есептейсіз. Инфляцияны ескеруді де ұмытпайсыз. Сол сияқты машина не пәтер алатын болсаңыз да солай. Нақты мақсат пен мерзім қоясыз, соған сай әрекет етесіз. Аспандағы айды сұрайтындай емес, шынайы әрі нақты есебіңіз бар. Соның арқасында мақсатыңыз да орындалады.
  12. Алатын затыңыздың бағасын білесіз. Мысалы дүкенге кіргенде бағаларды шолып жүресіз. Қымбаттағанын біліп отырасыз. Тұрмыстық химия болсын, тамақ болсын — бәрінде орташа бағаны бақылап жүресіз. Қай жерде қанша тұратынын білгендіктен, акцияларға да алдана бермейсіз. Бұл болса, артық шығындалмауыңызға әсер етеді. Ең ұтымды деген ұсынысты ғана қарастырасыз.
  13. Үнемдеуге көмектесетін қолданбаларды пайдаланасыз. Заманауи өнімдердің игілігін көру керек. Әсіресе, қаржылық тұрғыдан тиімді болса, неге қолданбасқа? Бағаларды салыстыруға, акциялардан хабардар болуға көмектесеті аппликейшндерді жүктеп алып, белсенді қолданасыз. Қаржылық аналитика жүргізу үшін қазір үйден шығудың да қажеті жоғын жақсы білесіз. Бонус, кэшбек дегендерді бес саусағыңыздай білесіз.
  14. Жақындардан, дос-жараннан қарызға ақша сұрамайсыз. Ақшамен дұрыс қарым-қатынас құрудың алғышарты — көрпеңе қарай көсілу. Мысалы айлығыңыз шайлығыңызға жетпей тұрса, онда сырттан тамақтанып, қымбат телефон алдың қажеті не? Сіз мұны жақсы білесіз. Сондықтан айлығыңызға қарай өмір сүресіз. Есесіне, ешкімнен қарыз алмайсыз.
  15. Жинап сатып алуға болатын заттарды тұтынушылық несиеге алмайсыз. Пайызы төмен, тіпті бөліп төлейтін болса да, банкке жоламайсыз. Оның орнына сол затқа ай сайын ақша жинап сатып алғанды жөн көресіз. «Дәл қазір алмаса болмайды, өте маңызды» деп санамасаңыз, асықпай, қолма-қол ақшаға алғанды ұнатасыз. Жұрт кейінгі шыққан смартфон алып жатса, сіз оған қызықпайсыз. Жинап, қалаған затыңызды алатын әдетіңіз бар. 
  16. Есепке жүйріксіз. Бұл ретте алгебрадан «беске» шыққандар туралы айтып отырғанымыз жоқ. Жалпы ақшасын есептей алатындар туралы. Қосу мен алу, көбейту мен бөлуді білсеңіз болғаны. Тиімді болса ғана аласыз. Мысалы бір дүкенде мега жеңілдік боп жатыр делік. Бірақ ол үйіңізден алыста орналасқан. Автобуспен бару ұзақ, көп жерді жаяу жүруіңіз керек. Таксимен барса қанша шығатынын да білесіз. Үйге жеткізу қызметін қолданса қалай болады? Бәрін сараптайсыз, құнын есептейсіз. Сосын барып шешім қабылдайсыз.
  17. Табыс арттыруға қатысты жоспарыңыз бар. Иә, сіз жақсы есептейсіз, жақсы жоспарлайсыз. Бірақ адам өзін үнемі дамытып отыруы керек. Сондықтан сіз қазіргіден де табысы жоғары маман болғыңыз келеді. Осы ретте не істеу керегін ойластырасыз. Жоғары жалақы алатын профи болу үшін қосымша курстар оқисыз, білігіңізді арттырасыз. Түрлі жобаларға қатысасыз. Табысты еселеу үшін қай бағытта жылжу керегін білесіз.
  18. Инвестициялауға қызығасыз. Салым ретінде салатындай сомаңыз болмаса да, акция, инвестиция, трейдиңге қызығушылығыңыз бар. Ақшаны көбейтетін тәсілдерді қарастырып жүресіз. Бастама үшін бұл өте жақсы. Сіз осылай оқып, білген сайын табысты арттыру жолдары да біртіндеп ашыла береді. Өйткені сіз қаржылық сауатыңызды арттырып жатырсыз.   
Сондай-ақ оқыңыз