Қазақстанға TikTok, InDrive, Honeywell келді. Шетелдік компаниялар релокациясы қалай жүзеге асып жатыр?

Жарияланды
Инвестициялық көңіл-күйді жақсарту – басты міндет

Пандемия салдары әлі толық тарқап біткен жоқ. Қаңтар оқиғасына да енді ғана жыл толады. Одан бері де күрделі геосаяси ахуал қалыптасты. Мұның барлығы аймақтағы жеткізу тізбегін бұзды және экономикалық өсімді айтарлықтай тежеді. Аталған факторлар Қазақстанның инвестициялық климатына да теріс әсерін тигізді. Осы орайда инвестиция деңгейін қазіргі деңгейінде ұстап қалудың өзі ересен жетістік дейді ел билігі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, халықаралық институттардың болжамдары көңіл көншітпейді.

«Пандемия болған 2020 жылы инвестициялардың жалпы әлемдік ағыны 35%-ға қысқарды. Халықаралық валюта қорының пікірінше, экономикалық әлемдік өсім өткен жылғы 6%- дан биыл 3,2%-ға дейін баяулайды. 2023 жылы ол тек 2,7% құрайды деп болжанып отыр. Мұның бәрі инвестициялық ағындарға, сондай-ақ инвесторлардың болжамдары мен көңіл-күйіне әсер етеді. Бірақ қазіргі жағдайда, еліміздің инвестициялық климаты үшін «қара аққулардың» бар болуына қарамастан, біз өткен жылы пандемияға дейінгі инвестициялар тарту деңгейіне жеттік – 2021 жылдың қорытындысы бойынша 23,7 млрд долларды құрады, пандемия болған 2020 жылғы құлдыраудан кейін қалыпқа келдік. Биыл бірінші жартыжылдықта 1 14,5 млрд доллар болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға артық», деді Алмас Айдаров.

Мұнай-газ секторына салынатын инвестиция көлемі қысқарып, басымдық сауда, ақпарат, байланыс, өңдеу секторына беріле бастаған. 2005-2010 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың құрылымының 70 пайызын мұнай-газ саласы иеленген.

«Мұнай-газ саласындағы инвестициялар деңгейі небәрі 45%-ды құрайды. Басқа салалар өсіп келеді: сауда, ақпарат, байланысқа басымдық берілуде. Егер елдер бойынша алсақ, онда ондыққа әдетте Нидерланд, АҚШ (3,2 млрд доллар инвестиция салған), Швейцария, Бельгия, Ресей, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және Ұлыбритания кіреді. Негізгі инвестициялардың 90%-ға жуығы Батыс Еуропаның 20 еліне, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Ресейге тиесілі», деді спикер.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ибраимов инвесторларды шетелдік және жергілікті деп бөлмей, барлығына тең қараймыз дейді.

«Шетелдік қатысуы бар жобаларды пайдалануға беруді қамтамасыз ету – біздің компания қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. 11 айдың қорытындысы бойынша KAZAKH INVEST-тің қолдауымен шетелдіктердің қатысумен 36 жаңа жобаны іске қосу қамтамасыз етілді. Жалпы сомасы 3,7 млрд долларды құрады. Бұл шамамен 3,6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Мысалы, «жасыл трендті», осы жылы алты ірі жоба пайдалануға берілген жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобалардың белсенді іске асырылуын атап өткен жөн. Бұл итальяндық ENI компаниясы қолға алған Ақтөбе облысындағы ЖЭС-тің екінші кезегінің құрылысы. Сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында Universal Energy және Hydrochina Corporation компанияларының 3 ЖЭК жобасы», деді.

Осы ретте елімізде трансұлттық корпорациялар өндірісінің іске қосылуын атап өту маңызды:

  • Saint-Gobain компаниясының Жамбыл облысындағы жоғары сапалы құрылыс материалдарын өндіру жобасы;
  • Оңтүстік кореялық өндіруші Hyundai Motor Corporation компаниясының Алматы қаласында шағын торапты құрастыру өндірісін кеңейту жобасы;
  • Француз PCM компаниясының Маңғыстау облысындағы бұрандалы сорғыларды өндіру бойынша жобасы;
  • Америкалық Honeywell компаниясының Алматыда басқару шкафтары мен газ детекторлары өндірісін локализациялау.

Осы жылдың 11 айында шетелде де, ел ішінде де 13 маңызды инвестициялық іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы мен бизнес капитандарының, сондай-ақ іскер топтардың қатысуымен жоғары деңгейдегі 5 инвестициялық іс-шара Америкада, Францияда, Түркияда, Сауд Арабиясында және Ресейде өтті.

«Бұл іс-шаралар – Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілетудің негізгі құралы және жаңа инвесторларды тарту алаңы, өйткені іс-шараларда екіжақты кездесулер өткізіледі, бизнес капитандары қатысады, жобаларды Қазақстанда іске асырудың перспективалары мен шарттары талқыланады. Президентпен диалог инвесторларға сенімділік береді. Аталған алаңдар инвесторларға тікелей сұрақтар қоюға, кері байланыс пен кепілдіктер алуға және жобаларды іске асыру перспективаларын егжей-тегжейлі айтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті спикер.

Министрлік өкілінің сөзінше, бізде инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді, онда 108 шетелдік мекеме сыртқы периметр бойынша жаңа инвесторларды іздеуді, шетелдік инвесторлармен тікелей байланыс орнатуды және алғашқы келіссөздерді жүргізуді жүзеге асырады. Биыл елшіліктер шет елдердегі шетелдік компаниялармен 3 мыңға жуық кездесу өткізіп, соның арқасында Қазақстанға 600-ден астам сапар жасалды.

«Өңірлерге сапарлар жасалады, инвесторлар өңірлік билік органдарымен жобаларды «әкелу» мәселелерін талқылауда. Өңірлерге 550 сапар жасалды. Биыл шетелдіктердің қатысуымен 36 ірі өндірістер жобасы пайдалануға беріледі. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы қолжетімді болды. 935 жоба орналастырылған. Олардың барлығы шетелдік инвесторлардың да, отандық инвесторлардың да қатысуымен жүзеге асырылады. Оған өндіруші саланың, мұнай мен газдың, тұрғын үй құрылысы жөніндегі жобалар кірмейді. Құны 500 млн теңгеден асатын барлық басқа жобалар осы пулға кіреді», деді.

Ашық дерекөздерде 362 компания ресейлік нарықтағы қызметін тоқтататыны немесе қысқартатыны туралы хабарлады. 2022 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық дипломаттар осы брендтердің басшылығымен келіссөздер жүргізді. 62 компания елімізге келу туралы ұсынысқа келісті. Релокация – көшу немесе жаңа зауыттар салу емес. Бұл компанияның өндірісіне ғана қатысты.

«62 компания Қазақстанды балама алаң ретінде қарастыруға дайын екендігін айтты. Еуразиялық нарыққа кірмек болған шетелдік компаниялар Ресей экономикасы біздікінен 10 есе үлкен болғандықтан, бас кеңселерін Мәскеуде немесе Санкт-Петербургте ашты. Қазір санкцияларға байланысты олар басқа қалаларды таңдауда, ал біз балама нұсқаларды – Астана немесе Алматыны ұсынып отырмыз. 62 компанияның ішінен 21 жоба релокацияланды. Мысалы, америкалық «Honeywell» компаниясы Қазақстанға кеңсе мен басқару шкафтары мен газ талдағыштарын өндіруді әкелді; «TikTok» (ҚХР) Қазақстанда жеке өңірлік кеңсесін ашты; «InDrive» өңірлік кеңсе мен мамандар тобын көшірді; «Fortescue» (Австралия) – Қазақстандағы жасыл сутек бойынша Еуразиялық жобаларға баса назар аударуда; «Alstom» – ҚР өңірлерінде сервистік орталықтар құрады. Бұл жұмыс жалғасады. Мақсат – 362 компания. Бұл жақсы экономикалық нәтиже береді деп ойлаймыз. Біз келетін компанияларға арнайы шарттар қоймаймыз. Олар жалпы құқықтық салада жұмыс істейтін болады», деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ оқыңыз