«Бәйтерек» холдингі облигацияларына 500 млрд теңге «зейнетақы» ақшасын салу. Мамандар өз күдігін айтты

Жарияланды
Ұлттық банк неге делдалсыз жұмыс істей алмайды?

Күні кеше Ұлттық банк 2023 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатын инвестициялау стратегиясының бір бағыты бойынша ақпарат жариялады. Оған сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің құнды қағаздарына 500 млрд теңге зейнетақы жинағындағы ақшаны салу жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банк холдингтің құнды қағаздарын нарықтық шарттар бойынша сатып алмақ ниетте. Ал «Бәйтерек» өз кезегінде бұл тартылған қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы ірі жобаларды несиелеуге, сондай-ақ құрылыс, инфрақұрылымға қатысты жобаларды іске асыруға бағыттайтыны айтылады. Үкімет «Бәйтерекке» қай жобаға ақша салу керегін анықтап беруі тиістігі де нақтыланады. Осы жағынан алғанда, биыл отандық экономика қосымша белгілі бір қаржыландыруға қол жеткізбек. Сондықтан мұны тиімді шара деп айта аламыз ба? Бұдан ұлттық экономика әрі зейнетақы жинағының иелері қандай пайда табады? Осы сауалдармен «Курсив» басылымы қаржыгер-мамандарды сөзге тартып көрді.

«Бәйтерек» холдингі өз тиімсіздігін бірнеше рет дәлелдеген

Қаржыгермаман Айдар Әлібаевтың айтуынша, «Бәйтерек» холдингі арқылы атқарылады дегеннен-ақ көзі қарақты қауым бұл шараның тиімділігіне күмәнмен қарауы ықтимал.

«Жалпы, Ұлттық банктің инвестициялық қоржынды арттыру туралы ойы дұрыс. Оны мен қолдаймын. Алайда «Бәйтерек» холдингінің бюджет ақшасын және мемлекеттік активтерді тиімсіз игергенін бір емес, бірнеше мәрте дәлелденген. Есеп комитетінің және басқа да аудиторлық тексеру нәтижелерін қарасаңыз, бұған оп-оңай көз жеткізуге болады. Үкімет те бұдан жақсы хабардар. Сондықтан «Бәйтерек» холдингі арқылы экономиканы қаржыландыру тиімді дегенге, өз басым, қатты күмәнмен қараймын. Ұлттық банк – БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушы операторы. Ол ешқандай делдалсыз, «Бәйтерек» секілді түрлі холдингсіз тікелей инвестиция жасауға құқылы. Ал тиімді инвестиция жасау үшін Ұлттық банк ақшаны ұлттық экономикаға, инфрақұрылымдарға, нақты жобаларға, өндіріске тікелей бағыттауы керек. Бірақ ол мұны жасап отырған жоқ. Яғни, Қазақстан экономикасының ерекшелігі, қазақстандықтардың зейнетақы жинағын тиімді инвестиялау жайы нақты еленбеген», дейді ол.

Сондықтан маман Ұлттық банктің бұл реттегі саясатын тиімсіз деп санайтынын жеткізді.

Квазимемлекеттік секторда ақшаны «жеп қоятын» бос ұяшықтар бар

Фото: Ілияс Исаев

Квазимемлекеттік секторда ақшаны «жеп қоятын» бос ұяшықтар бар

Қаржыгер-ғалым Ілияс Исаев зейнетақы ақшасын мемлекеттік бағалы қағаздарға салу бұрыннан бар тәжірибе екенін айтады. Дегенмен бастапқы ой дұрыс болғанымен, бұған дейін барлық осы негіздегі шаралар онша тиімділік танытпаған. Өйткеннің ғалымның пікірінше, «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» секілді тетіктердің ішінде ақшаны «жеп қоятын» бос ұяшықтар бар. Бұл – алдыңғы режимнің мүддесіне жұмыс істеп қалған әдет. Осы жағынан алғанда, ауру қалғанмен, жаман әдет біздің қоғамда әлі дендеп тұр.

Әлихан Смайыловтың «Самұрық-Қазынаға» баруы нені білдіреді?

«Сондықтан үлкен сомадағы ақшаны айналымға енгізбестен бұрын, алдымен ешқандай ғылымға сүйенбейтін мұндай жүйеге тазарту әрі тәртіп жүргізіп алуы керек. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жақында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқармасы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мұны мен кездейсоқтық деп ойламаймын. Оның осы сипатта мойнына алған өзіндік міндеттері мен жауапкершіліктері бар болуы керек», – дейді Іляс Исаев.

Бастысы, ғалым, БЖЗҚ-дан бөлінген 500 млрд теңгенің көбісі жыл соңында миллиондап, миллиардтап бонус алатын осы квазимемлекеттік сектор топ-менеджерлерінің қалтасынан бір-ақ шықпаса деп қауіптенеді. Сондықтан ол Қазақстанда жалақымен байланысты «Еңбек өнімділігі туралы» заң қабылдайтын уақыт жеткенін айтады.

Еңбек өнімділігі – кез келген қоғамның синтетикалық сапалық көрсеткіші

«Не үшін сонша бонус алады? Бізде оны ешкім түсіндіріп айта алмайды. Өйткені ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ оның. Егер жақсы еңбегі үшін делік десек, компания көрсеткіштері көңіл көншітпейді, ал қолға алған жобалары орта жолда қалған, өте тиімсіз басқару көзге ұрып тұрады. Сонда не үшін олар бонус алады? Негізінен, қолға алынған кез-келген шараның тиімділік танытуы үшін, жалпы жақсы даму үшін еңбек өнімділігінің өсу қарқыны жалақының өсу қарқынынан ілгерілеп отыруы керек. Ал еңбек өнімділігі – кез келген қоғамның синтетикалық сапалық көрсеткіші. Міне, бізде осы арасы бүтіндей дұрыс жолға қойылмаған, жалпы ғылыми әрі заңнамалық тұрғыда. Ал қоғамда шын еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегі еленбей қалуда. Біздегі сапалы адам капиталының сыртқа ағылуы да осыдан», дейді ғалым.

Бұл шара арқылы экономиканы ынталандырмаймыз, керісінше инфляцияны күшейтеміз

Инновациялық экономика институтының сарапшысы, ҚазҰУ профессоры Мағбат Спанов «Бәйтерек» холдингі бағдарламаларына 500 млдр БЖЗҚ ақшасын салу деген миға қонымсыз нәрсе екенін айтады. Өйткені, сарапшының айтуынша, бұл холдингі өз басқаруындағы ақшаны ешқашан тиімді басқарған емес: көбіне депозитте жататын немесе күдікті-күмәнді бір жобаларда жүретін.


«Осы жағынан алғанда бұл шара арқылы экономиканы ынталандырмаймыз, керісінше инфляцияны күшейтеміз», дейді ол.

Қазақстанда бюджеттің үш түрі бар: республикалық бюджет, мұнай табысы жинақталатын ұлттық қор және квазимемлекеттік сектор. Үшеуі де Президентке тікелей бағынады.

«Осының үшіншісі өзінің тиімсіздігін әлденеше есе дәлелдеп берді деп ойлаймын. Біз ол кезеңнен өттік. Қазір экономикалық жүйе өзгеріске ұшырап жатыр. Сондықтан осы бағытта бізге де өзгеріс жасау керек. «Самұрық-Қазынаны» да, «Бәйтеректі» де жойған дұрыс. Қазір мемлекеттің өзі экономикалық-шаруашылық істермен тікелей айналысады. Сондықтан мемлекет мұндай дүниені, әсіресе халықтың ақшасына қатысты инвестициямен өз қол астындағы министрліктер арқылы айналысуы керек деп санаймын. Сонда сұрау болады. Ал жоғарыдағы жағдайда көп жайт жабық тақырып болып, қоғам ақшаның кетер жеріне кетіп, жоқ болғанда ғана біліп, санын соғып, даурығады. Ал министрліктер – ашық құрылым. Кез келген кезде сұрау жасауға болады, әсіресе цифрландыру жағдайында бұл бұрынғыдан да қолжетімді бола түскен», дейді Мағбат Спанов.

Анықтама үшін:

1 қаңтардағы жағдай бойынша, Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14,6 трлн теңге активін өз басқаруына алған. Оның 49,7 %-ы (7,2 трлн теңге) –Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11,4%  (1,6 трлн) – сектордың облигацияларына, 6,4% (945,9 млрд) –  екінші деңгейдегі банктердің облигацияларына, 5,5%  (812,1 млрд) – шет мемлекеттердің мемлекеттік қарызына, 2,5% (370,9 млрд) Еуропалық Қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Азия даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына салынған.

Қазіргі уақытта «Бәйтеректің» бағалы қағаздарына 710,9 млрд теңге салынған. Ұлттық банк қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигацияларына өз басқаруындағы қаражаттың жалпы көлемінің 0,11 пайызын немесе 16,2 млрд теңгесін инвестициялаған. Сондай-ақ, зейнетақы қаражатын басқаруға тағы төрт жеке ойыншы ат салысуда: Jusan Invest (4,2 млрд теңге), Halyk Global Markets (2,6 млрд), BCC Invest (1,5 млрд) және «Сентрас Секьюритиз» (0,9 млрд).

Сондай-ақ оқыңыз