Қоғам

Халықпен кездесу өткізбеген қандай министрлер?

Смайылов жоспарлы кездесулерді елеусіз қалдырған министрлерді атады

Ішкі істер министрлігі, Энергетика мен Индустрия министрлігінің басшылары халықпен жоспарлы кездесулерді елеусіз қалдырған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті.

Премьердің айтуынша, Цифрлық даму министрлігі, Еңбек министрлігі, Энергетика мен Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылары кездесулерді алдын ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырып, қорытындысы бойынша арнайы брифингтер өткізген.

«Кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 отырыс өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі екі бағыт бойынша жиын өткізбеген. Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет», деді ол.

Премьер-Министр әкімдер де халыққа жақын болып, ашық байланыс орнату керегін нақтылап өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс», деді.

Сонымен қатар, енді әкімдердің кездесулері жаңа форматта өткізіледі.Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік бермек.