ESG – заманауи экономика моделі қандай болады?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

2022 жылы табиғи апаттардан келген экономикалық шығын 260 миллиард  долларға жеткен.

Бұған тосқауыл қоюдың бірден бір жолы – көміртек шығындыларын азайту және экономиканы қоршаған ортаны қорғау бағытына бұру.  Әуелгіде мұны жай ғана дүрлігу деп елемегенімен, сан тараптан соққы берген алапат апаттар ойланбасқа шара қалдырмады. 2019 жылдың тамыз айында АҚШ тың 180-нен аса алпауыт компаниясы бас қосып, заманауи экономика моделі жөнінде ақпарат жариялайды.

Олардың тұжырымынша, бүгінгі дәстүрлі экономиканың түбі құлдырауға соқтырады. Сондықтан, уақыт  оздырмай заманауи, кемел болашаққа құрылған бизнес модель құру қажет. Яғни, экономиканың өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар ескерілуі тиіс.

Мамандар экономиканың үш факторға сүйенетінін алға тартады: Бірінші кезекте экономика экологиямен тығыз байланысты.

Күтпеген жерден тосын мінез таныта кететін табиғаттың талабымен санаспауға амал жоқ. Бұрқасын дауылы жайпап, алапат толқыны шайқап,  ешкімді жарылқамай, жапырып өтеді. Экономиканы да ойсыратып, орны оңайлықпен толмас шығынға батырады.

Бұған Covid пандемиясындағы экономикалық тоқырауды мысал етуге болады. Пандемия кезінде әлем бойынша  400 миллион  жұмыс орны жабылып қалған.

Ал, соңғы жылдары экологтар тіпті дабыл қағып, ғаламдық жылынудың салдары жайлы жар салып жүр.

Әйтсе де, экономиканың экологияға қатысын ұға қоймаған компаниялар әлі күнге өндіріс ошақтарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды оңды-солды шашып, көміртек шығындыларын ойланбай төгіп келеді.

Әйтсе де, табиғат адамнан жауап  күтіп жата берсін бе? Бір мезетте дүниенің астаң- кеcтеңін шығара салады.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау ұйымы көміртек шығындыларының мөлшерден тыс бөлінуі ғаламның күрт жылынуына апарып соғып жатқанын мәлім етті.  2022 жылғы көрсеткіш бойынша, атмосфераға бөлінген көмірқышқыл газының мөлшері рекордтық деңгейде өсіп, 36 миллиард тоннадан асып кеткен. Copernicus сапаршылары дәл осы қарқын тоқтамаса, 2500 жылға қарай ғаламдық жылу 9 градусқа дейін көтеріліп, жер шарының бір аймағы адам айтқысыз жалынға оранып, енді бір бөлігін қалың мұз басатынын алға тартады.

Бұл – тек экологияның ғана емес, экономиканың да құлдырауының белгісі.

Экономика құлдырауының екінші бір тетігі – әлеуметтік теңсіздік.

Нарық саласындағылардың дені әлі күнге дейін әлеуметтік ахуалдың экономикаға тигізер әсерін түсіне алар емес. Ал, шындығында, экономиканың өсуі халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты. Ауқатты адамдар артқан сайын экономика да гүлдене түседі. Ақиқатында, бір ғана қауымның байи түсуі жалпы қоғамның тұрақсыздығына апарып соғады.

Бұл жөнінде Ariel Investments және Starbucks-тың басқарма төрағасы Меллоди  Хобсон былай дейді:

«Әлеуметтік теңсіздік өте қауіпті құбылыс. Экономикадағы қоғамдық теңсіздік түбінде үлкен наразылыққа апарады. Наразылықтың соңы бизнеске үлкен соққы болып тиеді. Сондықтан, әуелгі кезекте ел ауқатын жақсарту маңызды».

Демек, бизнестің миссиясы  – пайдакүнемдік емес, қоғамның түйткілдерін шешу.

Осы күндері нарықта жұмысшылардың еңбегі де лайықты бағаланып жүрген жоқ. Қанаушылық басым. Ендеше, өркендеймін деген әрбір компанияның міндеті – кез келген адамның лайықты өмір сүруіне жол ашу.

Дәстүрлі экономика мен ESG экономикасының айырмасы да осында жатыр. ESG бағыты жауапкершілікті кең ауқымда қамтиды.  

Мәселе қоршаған ортаны қорғаумен шектелмеуі тиіс. Оның негізгі пәлсапасы – тұтас әлемге деген құштарлық. Демек, компания түсетін табыс көлемімен емес, берер құндылығымен өлшенеді.

 Net positive (бас пайдасы үшін әлем байлығын жымқырып қалмай, басқалардың мәселесін шешу арқылы табыс табатын) шарттарын қабылдайтын компаниялар  әлемдегі әйгілі B Labs коммерциялық емес ұйымының  сертификатына ие болады. Бұл – B Corps (компанияның тек табыс мөлшерін ғана емес, жалпы деңгейін бағалайды) құрамына кірудің таптырмас  мүмкіндігі.

Әлбетте, мұндай мәртебеге ие болу үшін компаниялар әлеуметтік тұрақтылық, экологиялық белсенділік, бизнестің ашықтығы бойынша сынақ тапсырады.  Аталған клубқа мүше болуға құштар  компаниялар саны күн санап өсіп келеді. Әлемнің жетпіс төрт елінен 3500 компания ықылас танытқан.

Неғұрлым алысты межеп, тәуекелге белді бекем буған компаниялар озары анық.

Тағы бір зерттеулерге көз жүгіртсек, жарқын болашағын болжаушы ESG компанияларының жылдық табысы 1,5 трлн долларға жетуі ықтимал.

Ендеше, акционерлерді акция сатып алуға мәжбүрлеудің қажеті шамалы, керісінше, болашағы айқын, ұзақмерзімді жобалар құрған жөн, сонда ғана акционерлер  өздері-ақ ағыла береді.  Компанияға деген сенім орнайды.

Соңғы он жылда қоғамның қаржы институттарына деген сенімі төмендеп кеткен. Мұны Edelman Trust Barometer (сенім бараметрі) (американдық халықаралық қоғаммен байланыс және стратегиялық коммуникациялар агенттігінің жыл сайынғы жаһандық зерттеуі) агенттігінің мәліметтерінен айқын көруге болады.

2021 жылы Edelman Trust Barometer халық арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысушылардың 73 пайызы экономика көрсеткішіне емес, тек ғалымдардың пікіріне сенетінін, ал 41 пайызы үкіметке үмітті екенін айтқан.

Бизнесте сенімнің құны қашанда биік.

Өйткені, зерттеулер бойынша, екіжақты сенімге құрылған қомпанияның ұстанымы 76 пайызға берік, ал өнімділігі 50 пайызға артық шыққан. Өзара ымырадағы қызметкерлердің  40 пайызы күйзелістен аулақ болған. Жан тыныштығымен қоса тән саулығы да жоғары нәтиже көрсеткен. Мұндай компанияларда денсаулығына қатысты демалыс алушылардың  саны 13 пайызға  төмендеген.

Экономикаға ықпал ететін тағы бір фактор – менеджмент, басқару жүйесі.

Компанияның ілгері жүруінде әрбір қызметкердің рөлі айрықша. Қызметкерлермен тең дәрежеде қарым қатынас орнауы қажет. Үлкен игі істің бір тетігі ретінде сезінген тұлға өз қызметін жоғары жауапкершілікпен атқаруға ұмтылады.

Экономиканың тұтастығына ықпал ететін осы үш факторды назарға алудың маңызын түсінген алпауыт бизнес өкілдері жаңаша модель құрудың маңызын түсінді. Осылайша АҚШ- та  экономиканың  заманауи моделі жайлы ақпарат  жария болды.

Швейцарияның Давос қаласында өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда мінсіз компанияға қойылатын талаптар бойынша манифест жарияланды. Яғни, регенеративті экономикаға бет бұрған  компаниялар іс жүзінде қоршаған ортаны қорғап, қоғамға мүлтіксіз қызмет етуі, қауымдастықтарды қолдай білуі тиіс және салықты адал төлеп, әрбір амал-әрекетінде үлгі болуы шарт.

Бұл бастаманы алғаш 2004 жылы әлемнің алпауыт компанияларының басқосуында Кофи Аннан (Біріккен Ұлттар Ұйымының экс төрағасы) өзінің «Who Cares Wins» («Немқұрайлық танытпағандар қашанда жеңіске жетеді») атты баяндамасында мәселе етіп көтереді. Және осы үш факторды жетекшілікке ала отырып, ESG қағидаттарын бекіту жайлы ұсыныс тастаған болатын.

Бүгінде әлемнің озық компанияларының дені ESG талаптарына сай тұрақты даму стратегиясын құрып жатыр. Қазақстан да ұлы көшке жалғанып, заманауи даму бағытында декорбанизацияға көшіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз