Екінші деңгейлі банктерде сақталған депозит көлемі бір жылда 50 пайыз өсті

Жарияланды
Астана мен Алматы қаласы тұрғындарының депозитінде қаржы көп. Фото: kz.kursiv.media

2022 жылдың желтоқсан айында екінші деңгейлі банктерде сақталған депозит көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға өсіп, 50,49 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Өсім негізінен заңды тұлғалар депозиті есебінен байқалған. Заңды тұлғаларға депозиттердің 91,3% пайыз тиесілі болса, жеке тұлғалардың жинағы 8,7%-ды немесе 4,4 трлн теңгені құрайды.

Ұлттық банктің статистикасы көрсеткендей, банктік емес заңды тұлғалардың көпшілігі мерзімді депозиттерге басымдық береді: 46 трлн теңге. Осындай динамика жеке тұлғалар арасында да байқалады. Мерзімді депозит көлемі жеке тұлғаларға тиесілі 4,4 трлн теңгенің 4,3 триллионын құрайды. Сондай-ақ, елдегі базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, мерзімді депозиттердің басым бөлігі теңгемен сақталған.

Банктік емес заңды тұлғалар салған жинақ депозит көлемі 17,3 млрд теңгені, жеке тұлғалардікі 60,8 млрд теңгені құрады.

Былтыр желтоқсан айында Астана (19 трлн теңге), Алматы (17,9 трлн теңге) және Павлодар облысы(1,8 трлн теңге) тұрғындары депозиттеріне көп ақша салған. Ал жинағы аз аймақтар қатарында Түркістан облысы (134,5 млрд теңге), Қызылорда облысы (232,3 млрд теңге) және Жамбыл облысы (376,3 млрд теңге) бар.

Курсивтің есебіне сәйкес, қазақстандықтар банктерде орта есеппен 689 мың теңге ұстайды. Алматыда орта есеппен бір тұрғынның есепшотында 3 миллион теңге болса, Астанада 1,2 миллион теңге бар.

Сондай-ақ оқыңыз