Американың Pfizer фармацевтикалық компания елімізде пневмония мен пневмокок инфекциясына иммундауға арналған Превенар 20 вакцинасының жаңа буынын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Pfizer компаниясының Өңірлік директоры Пфайзер Озгур Язиюрттың кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды ведомстваның баспасөз қызметі.
Ажар Ғиният компания өкіліне фармацевтика өнеркәсібін дамытуға және әріптестік қатынастарды тереңдетуге бағытталған бастамасы үшін ризашылығын білдірді.
«Біздің ынтымақтастығымыздың келесі маңызды кезеңі Қазақстанда Pfizer компаниясының Превенар 20 вакцинасының жаңа буынын өндіруді орнықтыру болады», – деп атап өтті А.Ғиният.
Ол Қазақстан тарапы америкалық технологиялардың трансфертін, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға белсенді үлес қоса отырып, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыруды құптайтынын айтты.
Тараптар нормативтік базаны жетілдіру және Қазақстанда фармацевтика өндірісін орнықтыру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық ахуал құру мәселесін талқылады.
Prevnar 20 Pfizer әзірлеген және 2021 жылдың маусым айында АҚШ медикаменттер мен тамақ өнімдерінің сапасын санитарлық бақылау жөніндегі Басқармасы бекіткен жаңа вакцина.
Препарат превмания мен инвазивті пневмокок инфекциясының алдын алу мақсатында ересек адамдарды белсенді иммундауға арналған.
2022 жылдың қыркүйек айында Kazakh Invest ұлттық компаниясы Pfizer-мен пневмокок вакцинасын өндіруді орнықтыруға өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын жария еткен болатын.