Жаңалықтар

Шортанды көлінің жағасында Freedom House бой көтереді

Freedom House
Freedom House кампусы 120 орынған арналған. Фото: Freedom

Freedom компаниялар тобы IQanat мектебінде жаңа кампустың құрылысын қаржыландырады. IQanat мектебінің аумағында жаңа кампустың іргетасын қалау рәсімі өтті. Кампус «Freedom House» деген атауға ие болады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Бүгінгі сапалы білім – бұл ертеңгі табысты болашақтың кепілі. Бұл жағынан IQanat мектебі Қазақстандағы ең озық мектептердің бірі болып табылады. Мұнда оқушылардың  білімді, білікті меңгеруіне және дарындылығын дамытуына барлық жағдай жасалған. Бірақ ең маңыздысы, мектеп еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларға бірдей мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ауылдық жерден шыққан оқушылардың 80%-дан астамы IQanat мектебінде тегін білім алуда, ал түлектер отандық және шетелдік ірі университеттердің грант иегерлері атануда. Freedom House сыйымдылығын тағы 120 орынға арттырғанда, біз елдің зияткерлік, бизнес немесе саяси элитасына айналатын көбірек жас саналарды тәрбиелей алатын боламыз», деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Фото: Freedom

Жоба Шортанды көлінің жағалауында жүзеге асырылады. Құрылыс жоспары бойынша кампуста 420 орындық амфитеатр, планетарий, жаратылыстану-ғылыми пәндерін оқытуға арналған заманауи жабдықталған кабинет, 7 мың кітап қоры бар кітапхана және ашық терраса болады. Құрылыс нәтижесінде мектептің сыйымдылығы қосымша 120 орынға артады деп жоспарлануда.

«Freedom House» жаңа кампусының құрылысын аяқтау және оны пайдалануға беру 2023 жылдың 3-тоқсанына жоспарланған.

IQanat High School of Burabay – ауылдық жоғары сынып оқушыларының емтиханға дайындалуға, салауатты өмір салтын ұстануға және  шығармашылық әлеуетін дамытуға баса назар аударатын бірегей жекеменшік мектеп-пансионаты. IQanat мектебі соңғы техника үлгілерімен жабдықталған, онда заманауи оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт орталықтары, кітапханалар, музыкалық үйірмелер, көл аумағында ерекше орман алқабы бар.

Былтыр қазан айында Freedom Ақтаудағы су тапшылығын шешуге 2,1 миллиард теңге бөлетіні хабарланған болатын. Сорғы стансасы мен су тұщыту қондырғысынан орталық су құбырына дейінгі су құбыры желісі құрылысын да 2023 жылы аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар,мFreedom БҚО-дағы ботаникалық бақ пен спорт кешені құрылысына 1,9 млрд теңге бөледі. Жобаны жүзеге асыру 2023-2024 жылдарға жоспарланған.