Қазақстанда банктердің өз салымшыларына ұсынатын депозиттік мөлшерлемелерін тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қадағалап отырады. Өйткені қазіргідей инфляция қыспағына түскен кезеңде, банктердің ахуалын бақылауда ұстау өте маңызды. Бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін және не үшін қажетін ҚДКБҚ Әдіснама және талдау басқармасы басшысының орынбасары Рузалия Гильмудинова айтып берді.
Максималды немесе шекті сыйақы мөлшерлемелері дегеніміз жеке тұлғалардың депозиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің белгілі бір «шыңы». Оны ҚДКБҚ ай сайын депозиттердің түрі мен мерзіміне қарай бекітіп, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерге ұсынып отырады.
Рузалия Гильмудинова қордың бұлайша шекті мөлшерлемені өз қадағалауында ұстауының өзіндік себебі бар екенін айтады.
«Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Шекті мөлшерлемелерді бекіту механизмі бұл жерде макропруденциалдық реттеу құралы рөлін атқарады. Ол банктің ақшалай қор жинау құнын оңтайлы деңгейде ұстап тұруға көмектеседі. Сондай-ақ қатысушы банктердің пайыздық шығындарды тым көтеруіне жол бермейді. Егер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуге қатысты қандай да бір шектеулер болмаса, банктер өтімді активтері жетіспесе де өздерінің депозиттік өнімдері бойынша тым жоғары сыйақы мөлшерлемелерін белгілеуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкеп соғады. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, банктердің мұндай өктемді саясаты кейін қатысушы банкті қаржылық қиыншылықтарға душар етуі мүмкін. Банк тіпті төлем қабілетінен айырылып қалуы да ғажап емес», дейді маман.
Шекті мөлшерлемелерді реттеу бойынша мұндай тәсілдер Ресейде және АҚШ-та жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді жеткілікті капиталдандырмаған банктерге қолданады екен. Өйткені бұл әдіс депозит нарығында нәтижелі ақша-несие саясатын жүргізуге септігін тигізеді.
«Елімізде 2008 жылдан бастап 2018 жылға дейін шекті мөлшерлемелерді белгілеу механизмі қарапайым болды. Қор теңгелік депозиттер мен шетел валютасындағы депозиттер бойынша тек 2 максималды мөлшерлемені ғана белгілейтін. Соның салдарынан банктердегі ақшалай қор жинау мәселесі несие нарығында үйлесімсіздікке әкеп соқты – экономиканы несиелендіру көлемі азайды және бөлшек саудаға арналған несие өнімдері қымбаттап кетті», дейді қор өкілі.
Ал 2018 жылдың соңында депозит нарығы мәселелерін реттеу барысында ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуде сараланымдық тәсілдемеге көшкен. Нәтижесінде депозиттер нарығы шартты түрде тұрақты және мерзімсіз депозиттер нарықтарына бөлініп, шекті мөлшерлемелерді белгілеу тәсілі де өзгерген.
Маман 2022 жылы банктегі депозит мөлшерлемесі қор тарапынан жиі қадағалағанғанын айтады. Себебі әлемдегі тұрақсыздық, инфляциялық үдерістердің жылдамдығы, экономикалық өсімнің бәсеңдеуі және басқа да ішкі және сыртқы жағдайлар Қордың батыл шаралар қабылдауын талап еткен. Сондықтан да Қор халық депозиттерінің тұрақтылығы мен тартымдылығын қолдау мақсатында 2022 жылы шекті мөлшерлемелерді 19 рет қайта қарап шыққан. Бұл әрекеттер әлеуметтік шиеленістерді төмендетіп, салымшылардың банктерден безіну тәуекелін болдырмауға көмектескен. Бұл кезеңде шекті мөлшерлемелер 18,3%-ға жеткен екен.
Маман сонымен бірге қандай депозиттің тиімді екенін де атап өтті. Ол теңгедегі мерзімсіз депозит – кез келген уақытта толықтыруға және алуға болатын, сыйақысы (азайтылмайтын қалдық шегінде) жойылмайтын ұтқыр депозит деп санайды. Ал Қазақстанда 2 ислам банкін қоспағанда, екінші деңгейдегі 19 банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады.