Фото: kursiv.media
Қазақстанда жаңа 5G мобильді операторы пайда болады. Бұл жайлы өзінің фейсбуктағы парақшасында Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов айтты.
Шанхайдағы телекоммуникациялар көрмесінде жүрген ол шетелдік тәжірибені Қазақстанға әкелуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Бұл күндері Шанхайда телекоммуникациялар көрмесінде жүрміз. Біз мұндағы озық тәжірибені зерттеп жатырмыз және әлемдік тәжірибені Қазақстанға әкелгіміз келеді. Біз алдымызға бірнеше жылдың ішінде мүлдем жаңа 5G ұялы байланыс операторын құру міндетін қойдық. Еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірін өз мойнымызға алуға тырысып жатырмыз. Интернеттің бүкіл ел үшін қолжетімді болуын қалаймыз», деп жазды кәсіпкер өз парақшасында.
Қазіргі заманда интернетті дамыту болашақтың медицинасын, болашақтың білімін, қауіпсіздігін дамытумен тең екенін айтқан ол:
«Сайып келгенде, біз тұтынушылар базасын кеңейтіп, оларға жаңа өнім ұсынғымыз келеді. Ал сапалы байланыссыз ол мақсатымызды жүзеге асыру мүмкін емес. Алда магистральдық желі құрылысы, жиіліктерге қатысты конкурс ұйымдастыру және одан басқа телегей-теңіз жұмыс күтіп тұр», деді.
Тимур Турлов жақында қазақстандық Arbuz Group тобының 81,92% үлесін жеке инвесторлардан сатып алды. Сонымен бірге кәсіпкер қазақстандық стартапқа 1,5 млн доллар қаржы салды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында микро, шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеуге арналған онлайн платформа іске қосылды. Freedom Holding Corp пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп әзірледі. Бұл жоба арқылы кәсіпкерлер 6-7 сағатта несие рәсімдей алады.
Ал мамыр айында байлығы еселене түскен еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің тізімі жарияланды. Онда Тимур Турлов 3,1 миллиард доллар байлығымен бесінші орында тұр.