Жаңалықтар

«Бәйтеректің» бұрынғы басшысы жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарады

Фото: kursiv.media

Жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып Қанат Шарлапаев тағайындалды. Ол бұған дейін «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының қызметін атқарған.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды», делінген хабарламада.

1 қыркүйекте Президент жарлығымен 5 министрлік құрылған болатын. Осылайша елімізде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайда болды.

Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалса, Мәдениет және ақпарат министрлігін Аида Балаева басқарады. Көлік саласының тізгінін бұрынғы ИИДМ басшысы Марат Қарабаев алды.

Президент жаңадан құрылған Су министрлігін басқаруды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовке тапсырған еді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы СҚО әкімі Айдарбек Сапаровты Ауыл шаруашылығы министрі етіп тағайындады.

Шарлапаевтың биографиясы

«Бәйтерек» холдингі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген, Қазақстан Республикасының азаматы.

Ол Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастаған:

  • 2006-2008 жылдары өңірлік кеңсенің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, «Сити» инвестбанкінің сату басқармасында (Ұлыбритания, Чехия) жұмыс істеді.
  • 2008-2014 жылдары – «Сити» инвестбанк акциялар нарығында жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
  • 2014-2015 жылдары – «Сити» инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
  • 2015-2017 жылдары – Ситибанк Қазақстанның Бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.
  • 2017-2020 жылдары – Ресей Ситибанкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.
  • 2020-2022 жылдары – «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры.
  • 2022 жылғы 2 ақпанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы болып тағайындалған.