Жаңалықтар

Қазақстанда 309 азамат банкрот деп танылды: тізімді қайдан көруге болады?

Фото: shutterstock

Банкроттықа өтініш қабылдау басталғалы бері, елімізде 435 млн теңге берешегі бар 308 адам банкрот деп танылған. 4 қыркүйектен бастап Қазақстанда банкрот болған азаматтардың тізімі жариялана бастады.

Банкроттардың басым бөлігі Алматы қаласында тұрады. Ал СҚО мен ШҚО-да қатары аз.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, оларға 14-14 қызметінен соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны және банкрот деп танылғаны жайлы хабарлама жіберілген. Сонымен қатар, олар туралы ақпарат «e-gov» порталында жарияланды.

«Банкрот деп танылған азаматтардың 22-сі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болса, 232-сі бес жылдан астам несие қарыздарын өтей алмай жүргендер», делінген хабарламада.

Банкрот деп танылған тұлғалардың орташа жасы – 40. Арасындағы ең жасы – Қызылорда облысының 23 жастағы тұрғыны. Оның 1 млн теңгеден астам қарызы болған. Ал ең үлкені – Маңғыстау облысының 65 жастағы тұрғыны, оның 3 миллион теңгеден астам қарызы есептен шығарылады.

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан бастап аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталды. Соттан тыс банкроттық туралы алғашқы өтініш 29 наурызда мақұлданды.

Мамыр айында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов .жеке тұлғаның банкроттығына 49 мың азамат өтініш бергенін хабарлаған. Оның 32 мыңы қабылданбаған. Ал 6 мың өтініш қаралып жатыр.

Заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық.

Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Ол үшін келесі шарттар сақталуы қажет:

  • Борыш 5,5 млн теңгеден аспайды;
  • Кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
  • Меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • Банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Екінші рәсім – сот банкроттығы.

Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Банкроттықтың салдары қандай?

Бакрот болған адамның:

  • 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу қойылады;
  • Банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;
  • 3 жыл бойында қаржылық жағдайына мониторинг жасалады.

Банкрот екеніңді қалай тексеруге болады?

Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.