Жаңалықтар

Тоқаев «Түркі инвестициялық қорын» құру туралы заңға қол қойды

Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері бірігіп «Түркі инвестициялық қорын» құрады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

Қор мынадай функцияларды орындайды: жобаларды, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіп өндірісін, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және «жасыл экономиканы» қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау.

Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акцияларға, сондай-ақ номиналды құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын тартылатын акцияларға бөлінеді. Қорға мүше мемлекеттің әрқайсысына 70 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акциядан келеді.

Сонымен бірге қордың әрбір мүшесінің дауыс беру құқығы тең болады. Қордың құрамына Қор Президенті, Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді. Ал қаржы институтының штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналаспақ.

Кезінде Әлібек Қуаңтыров «Түркі инвестициялық қорын құру» келісімін ратификациялауды ұсынған.

Қорды құру келісімін ратификациялау туралы Заңның қабылдануы Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы, түркі Халықаралық қаржы ұйымының алғашқылардың бірі және толыққанды мүшесі болуға, экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері шеңберінде және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау теріс саяси, құқықтық, экономикалық немесе басқа салдарларға әкеп соқпайды, – деген болатын өз баяндамасында.

Мемлекет келісімде сай, алдағы 4 жылға республикалық бюджеттен
31 218 600 мың теңге немесе 70 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат бөлу көздеп отыр.

Еске сала кетейік, бауырлас елдер арасындағы ортақ қор құру жайын алғаш Әзірбайжан мемлекеті ұсынған еді. Бастама туысқан ұлыстар арасында қолдау тапты.

2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қорды тең капиталды және тең дауыс құқығы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.

Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес Қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалды.

Қор құру туралы келісімге 2023 жылғы 16 наурызда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының төтенше саммиті шеңберінде қол қойылды.