Жаңалықтар

ҚНРДА ірі сомада тұтынушылық кредит беруге шектеу қоюды ұсынып отыр

Тұтынушылық кредит беруге шектеу қойылады / коллаж: kursiv.media

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынды. Парламентте агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мәселесін көтерді.

Әбілқасымова азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты.

«Бірінші кезекте басымдық – банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу мәселесіне беріледі. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады. Бұдан басқа ірі сомадағы тұтынушылық қарыздарды беруді шектеу үшін тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттері белгіленетін болады», деді ол.

Агенттік төрағасы сонымен бірге қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісінше бағалауды қамтамасыз ету қажет деп санайды. Оның айтуынша қазіргі таңда тиісті кірісі жоқ азаматтарға кредит беру үрдісі негізгі проблемалардың бірі болып отыр.

Осыған байланысты 2020 жылдан бастап банктер мен МҚҰ-ға қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) есептеу талабы енгізілген. БЖК қарыз алушының барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемін кірістің 50%-ы деңгейінде шектейді. Агенттік қазіргі кезде қолданылып жүрген 12 өлшемшарттан қарыз алушыда тұрақты кірісінің болуын көрсетпейтін қосымша 4 өлшемшартты алып тастауды жоспарлап отыр. Яғни коммуналдық қызмет шығыстары, интернет-дүкенде сатып алулар, мүліктің және депозитте ақша қалдығы сомасының болуы сынды шарттар алынады.

БЖК есептеу бойынша талаптар барлық қарыз алушыға және жеке тұлғалардың барлық қарызына қолданылатын болады. Ал 21 жасқа толмаған азаматтарға кредит беруді шектеу үшін ресми кірістері расталғаннан кейін ғана несие беру көзделген.

Мадина Әбілқасымова сонымен бірге елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрағанын айтты. Оның сөзінше, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалған.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Бұған дейін, ҚНРДА құмар ойындарға арналған несиелерді пайдалануды шектеуді ұсынды. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланған еді. Қаулыға сәйкес, осы тармақтың мақсаттары үшін ойын бизнесіне белсенді тартылған адамның белгілері бар қарыз алушы деп соңғы 6 айда ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына 300 000 теңгеден астам сомаға үш реттен көп төлем жасаған жеке тұлғаға несие беруге шектеу қойылады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет деп санайды. Бұл жайлы ол Ұлттық банктің баспасөз жиынында айтқан болатын.

«Бізге шекті мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс істеу керек, өйткені 56% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Қазір бізде тұтынушылық несие нарығында бәсекелестік жоғары, банктер бір-бірімен жақсы бәсекелеседі. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары да бар. Банктер арасындағы бәсекелестік, мөлшерлемелерді төмендетуге алып келуі тиіс. Жалпы алғанда, тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлеме ақырындап төмендеуі тиіс деп санаймын», деген еді Сүлейменов.