Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АМТ-ға жаңа басшы тағайындады / Фото: gov.kz
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басинді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМимттал Теміртау» компаниясына басшы етіп тағайындады.
Вадим Басин маусымда «Казахстанская» кенішіндегі апатты жою жөніндегі штабты басқарды. Бұған дейін шенеунік «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да 18 жыл жұмыс істеп, компанияда атқарушы директор лауазымына дейін көтерілген.
Басин «АрселорМиттал Теміртауда» қандай лауазымдар атқарды:
- 2017 жылдан 2021 жылға дейін компанияның атқарушы директоры болып жұмыс істеді;
- 2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін Қоғам Басқармасы дирекциясының атқарушы директорының жөндеу жөніндегі орынбасары, кейін өндіріс жөніндегі директоры болып тағайындалды;
- 2011 жылдан 2013 жылға дейін басқарма дирекциясының жөндеу жөніндегі директоры қызметін атқарды;
- 2003-2011 жылдары «Испат-Кармет» АҚ (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») бас энергетигі болды.
Басиннің алған білімі. Екі жоғары білімі бар: 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтын тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру мамандығы бойынша, 1990 жылы Томск автоматтандырылған басқару жүйелері және радиоэлектроника институтын өнеркәсіптік электроника мамандығы бойынша бітірген.
«АрселорМиттал Теміртауға» келгенше қандай қызметте істеді? 1986 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатында агломерациялық цехта инженер-электрик болып жұмыс істей бастады. Одан кейін агломерациялық цех бастығының электр жабдықтары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Басин тағы немен айналысты? Ол 2021 жылы «Нұр Отан» партиясынан Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болды. 2022 жылдан – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың депутаты болды.
Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.
Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Президент «AрселорМиттал Теміртауды» елдің ынтымақтастық тарихындағы ең нашар компания болғанын айтты.
Сонымен бірге мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына барып, қазақ тапқан кеншілерідің отбасымен кездесті. Бұл қайғылы оқиғадан соң, президент 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Осыған дейін Үкімет үйінің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстанның меншігіне берілетінін хабарлаған болатын.
«Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып қалғанын хабарлаймыз», делінген хабарламада.
«ArcelorMittal Temirtau» өз кезегінде компанияның меншік құқығы Қазақстанға берілетінін растады.
«Қазақстан үкіметі бүгін хабарлағандай, екі тарап «ArcelorMittal Temirtau» компаниясының болашағын талқылады және жақында Қазақстан Республикасына меншік құқығын беретін мәміле туралы келісімге алдын ала қол қойылғанын растайды. ArcelorMittal үзілістерді азайту үшін осы транзакцияны мүмкіндігінше тезірек аяқтауға міндеттенеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.
Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.
Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексереді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.