Қазақстанның батыс өңірінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысында жаңа электр желілері іске қосылды. Желі жұмысын бастау рәсіміне телекөпір арқылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Атап айтқанда «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін; «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін қуаттылығы ұлғайтылып, апат ықтималдығы төмендеген.
Бұл энергетикалық жүйені салу барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы да іске қосылған.
«Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді»,- дейді премьер-министр.
Әлихан Смайылов бұл жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Жоба бірінші кезекте Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететеді, екіншіден, жергілікті экономиканың дамуына өз үлесін қосады.
Құрылыс жұмыстарына отандық металл және темірбетон тіректері, сымдар, оқшаулағыштар мен трансформаторлар пайдаланылған. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша құрылыс жұмыстары кезінде қолданылған заманауи электр желісінің жабдықтары жоғары өнімділігімен ерекшеленеді.
“Индер’’ қосалқы станциясында орнатылған басқарылатын қосымша реакторлар кернеуді ауыстырмастан тұрақтандыра алатын бірегей кешен. Ол сондай-ақ белсенді және реактивті қуат ағынын жылдам басқаруға мүмкіндік беретін ұзақ электр беру желілері мен тарату желілерінен энергия көзінің шығындалуын азайтады»,- дейді Айтжанов.
Батыс аймақтың электр желісін нығайту, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.
Еске сала кетсек, МАЭК-те 3 шілде күні кешке апат болып, салдарынан Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушылары бірнеше сағат бойы жарық пен сусыз қалды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру де тоқтап қалды.
Сонымен бірге Қазақстанның Ұлттық энергетикалық жүйесі ресейлік электр энергиясының транзитін қамтамасыз ететіні жайлы хабарланған болатын.