Жаңалықтар

585 млрд теңгеге 226 экономикалық жоба жүзеге асырылды – «Бәйтерек» холдингі

"Бәйтерек"

«Бәйтерек» холдингі «Даму» қоры арқылы 1,3 трлн теңге болатын 21 мыңға жуық жобаға қолдау көрсеткен / Фото: kursiv.media

Биыл Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша 585 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 226 ірі жобасы мен лизингтік мәмілелері қаржыландырылған. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен кездесу барысында «Бәйтерек» басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров айтты.

Жиын барысында холдингтің 11 айдағы жұмысының қорытындысы шығарылды. Кездесу барысында холдинг қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар талқыланды.

«Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша 585 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 226 ірі жобасы мен лизингтік мәмілелер қаржыландырылды»,- деді Нұрлан Байбазаров.

Сонымен бірге «Даму» қоры жалпы кредит сомасы шамамен 1,3 трлн теңге болатын 21 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсеткен. Ал 326 млрд теңге Қазақстанның Даму Банкі мен KazakhExport арқылы экспорттық жобаларды қаржыландыруға бағытталған.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясының құралдары есебінен 1 512 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 17 310 пәтер пайдалануға берілді. Бұл елдегі іске қосылған көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы көлемінің 16,6%-тін құрайды. Аталған көрсеткішке үлестік құрылысқа кепілдік беру мен 178 млрд теңге сомасына жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау және жергілікті атқарушы органдары арқылы 140 млрд теңге сомасына тұрғын үй құрылысын қаржыландыру есебінен қол жеткізілді», – деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.

Отбасы банкінің қолдауымен 57,6 мыңнан астам отбасына жеңілдікті ипотекамен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілген. Ал жалдау төлемдерін субсидиялау құралы бойынша 11,6 мың отбасына төлемдер тағайындалған.

Жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі де көтерілді. Аграрлық несие корпорациясы мен Қазагроқаржы несиелеу және лизинг құралдары есебінен шаруаларды 514,3 млрд теңгеге қаржыландырған. Сонымен бірге қолайсыз ауа-райына байланысты жалпы сомасы 42 млрд теңгеге 970 фермердің қарызы қайта құрылымдалған.

ҰЭМ басшысы Қуантыров өз кезегінде холдинг жүзеге асырып жатқан ірі жобаларды экономикалық тұрғыда күшейтуді тапсырды.

Еске сала кетсек, «Бәйтерек» холдингінің пайдасы биыл 2,3 есе өскен. 2023 жылдың 9 айында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 400,1 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында алған 170,3 млрд пайдасымен салыстырақ, биылғы көрсеткіш 2,3 есе өскен.

Қазан айында «Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компанияның 49%-ына иелік ететіні хабарланды. Сонымен қатар, 2021 жылы жекешеленіп кеткен «Қазақстанның инвестициялық қоры» холдинге қайтарылды.

Осы орайда Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жұмысын қайта қарап, оны саяси және бюджеттік жүйеден тәуелсіз институтқа айналдыруды ұсынады.

Холдинг 2022 жыл үшін 58 млрд теңге дивиденд төлегенін жариялады.