Қазақстаның қор нарығына ірі ұлттық компаниялар шығарылып, ел тұрғындарына акция сатып алу мүмкідігін берген бағдарлама – «Халықтық IPO» деп аталды. Мемлекеттік бағдарлама іске қосылған 2012 жылдан бері қор биржасына «ҚазТрансОйл»(2012ж.), KEGOC (2014ж.), «Қазатомөнеркәсіп»(2018ж.) және «ҚазМұнайГаз» (2022ж.) компаниялары шықты.
2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның ірі компанияларын жекешелендіру мен IPO мен SPO-ға шығаруға бастамашылық ете отырып, өз үлесін қысқартатынын хабарлаған. Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы төрағасы Алмасадам Сәтқалиев сол кезде 2025 жылға дейін AirAstana, QazaqGaz, «Самұрық-Энерго» және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығару, KEGOC компаниясының SPO-сын өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Үкіметтің жоспары бойынша, 2024 жылы – Air Astana, 2025 жылы – QazaqGaz бен «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциялары IPO/SPO-ға шығуы тиіс.
KEGOC SPO-сы: сұраныс ұсыныстан асып түсті
Биыл Қазақстан қор нарығындағы айтулы жаңалықтың бірі – ұлттық электр желілері операторы – KEGOC компаниясы акцияларының екінші рет орналастырылуы болды.
SPO басталарда Компанияның 90 пайыз акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі болған. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.
Қайталама орналастыруда KEGOC компаниясының 5 пайыз акциясы нарыққа шығарылды. KEGOC-тың 17 және одан да көп акциясына иелік ететін акционерлері акцияларды алдын ала сатып алу құқығына ие болып, олар 28 қыркүйек пен 27 қазан аралығында өтініш берді.
Ал жаңа инвесторлардан өтінім қабылдау 16 қазаннан басталып, 2 қарашаға дейін жалғасты. SPO аясында компания 15 294 118- қарапайым акциясын KASE мен AIX алаңында орналастырды. Бір қарапайым акция бағасы 1 482 теңгені құрады.
SPO барысында бүкіл инвестор, соның ішінде жеке инвесторлары тарапынан қызығушылықтың артқаны байқалып, сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті. Орналастырылған акцияларының 67 пайызын – жеке инвесторлар, 32 пайызын – ірі инвесторлар, ал 1 пайызын шетелдік инвесторлар сатып алды. Қайталама орналастыру нәтижесінде ұлттық оператор нарықтан 22,6 млрд теңге тартты.
Компанияның басқарма төрағасы Нәби Айтжанов SPO-дан түскен қаражат компанияның жаңа жобасын қаржыландыруға жұмсалатынын айтты.
«Екі жаңа 500 кВ Шу-Жамбыл-Шымкент ӘЖ салу, сондай-ақ Шу-Жамбыл-Шымкент үш 500 кВ ҚС қайта жаңарту жлспарланған. Жоба 2027 жылға дейін аяқталады. SPO-дан түсетін қаражат осы жобаны жүзеге асыруға жұмсалады», – деді Нәби Айтжанов.
SPO қорытындысы бойынша, компаниядағы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі 85%-ға дейін қысқарды, БЖЗҚ үлесі өзгермеді. Есесіне еркін айналымдағы акциялар қатары 2,7%-дан 8,1%-ға дейін жетті.
IPO-сы қайта-қайта кейінге шегерілген Air Astana
«Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуға тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі 2024 жылы аяқтауды тапсырды.
«Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта «Эйр Астана» компаниясының акционерлері де «мың құбылған» нарықтағы ахуалдың саябырсығанын күтетін сыңайлы. «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Ернар Жанаділ:
«Біз дұрыс жолды таңдап, «Эйр Астананы» IPO-ға 2024 жылы шығаруды жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа қарай халықаралық нарықтағы құбылмалы жағдай реттеліп қалар деген үміттеміз», – деген болатын.
Әуе компаниясы IPO-ның кейінге шегерілуіне британдық акционерінің IPO-ны халықаралық биржада өткізуді талап етуі себеп болуы мүмкін.
Жазда Ернар Жанаділ компанияның 49 пайыз акциясына иелік ететін британдық BAE Systems IPO-ны халықаралық қор биржасында өткізуді талап етіп отырғанын айтты.
«Біз олардың (Air Astana – Курсив) IPO-ға дайындығы туралы айтып отырмыз. Жергілікті биржаға биыл шығуды ұсынып жатырмыз. Біз тіпті жақсы беделді инвестор тауып қойдық. Олар осы IPO-дағы негізгі инвестор, олардың ұстанымымен санасуымыз шарт. Енді олар «Эйр Астана» халықаралық биржаға да, жергілікті биржаға да шығуы керек деп отыр», – деді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, компания халықаралық биржаға шықса, қазақстандық қор биржасындағы инвесторларға акциялар пакетінің кемінде 20 пайызын ұсынуға тиіс.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қазіргі екі акционердің әрқайсысы бірдей акциялар пакетін орналастыру мәселесі қарастырылып жатқаны хабарлаған. Бұл ретте Еуропа аспанында ұшарда жеңілдіктер алу үшін, компания акцияларының басым бөлігі қазақ инвесторларының меншігінде болуы шарт. «Эйр Астана» компаниясының 51% акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, ал 49% акциясы британдық BAE Systems компаниясына тиесілі. BAE Systems (Kazakhstan) Limited — әуе, құрлық, теңіз бен ғарышта қорғаныс және аэроғарыш жүйелерін әзірлеп жеткізетін британдық BAE Systems plc еншілес кәсіпорны.
Air Astana IPO-ға шығарылғаннан кейін де акцияларының бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» қорының еншісінде қалады. «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау жөніндегі департаменттің директоры Дастан Әдиходжаев сатылымға компанияның тек 5-10 пайыз акциясы шығарылады деп мәлімдеді.
Қараша айында Bloomberg Air Astana әуе компаниясының арнайы кеңесшілерді жалдап жатқанын жазды. «Air Astana» акцияларын екі IPO-дан: Лондон биржасы (London Stock Exchange) және халықтық IPO-дан (AIX және KASE биржасынан) алуға болады делінген.
«Эйр Астана» әуе паркінде 43 ұшақ бар. 2023 жылдың соңына дейін компания тағы жеті ұшақ алуды жоспарлаған. 2027 жылдың соңына дейін әуе тасымалдаушының флоты 64 ұшақты құрайтын болады.
Qazaq Air-ді сатып алатын инвестор жоқ
«Самұрық-Қазына» қоры өз иелігіндегі тағы бір компания – Qazaq Air-ді де жекешелендіруге тырысып жатыр. Ол жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бәсекелес ортаға берілуге тиіс. Әуе компаниясы акцияларын сату қазақстандық әуе тасымалы нарығын дамыту, оның ішінде Qazaq Air ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және «инновациялық шешімдер» енгізуге мүмкіндік бермек.
Компания акцияларын сату жөніндегі алғашқы ашық конкурс 18 тамызда жарияланды. Қор Qazaq Air-дің өзіне тиесілі 49% дан 100%-ға дейінгі акцияларын сататынын хабарлады. Екі кезеңнен тұратын конкурсқа қатысқысы келетін инвесторлар 173,4 млн теңге жарна құюы керек. Компания акцияларының бастапқы бағасы 10,2 млрд теңгеге бағаланды.
Конкурсқа өтінім қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды. Екінші кезеңді қорытындылау бастапқыда жоспарланған мерзімнен екі аптадан кейін өтуге тиіс болатын.
Ал 13 қазанда компанияны бәсекелестік ортаға беруге қатысты байқау тағы да – 13 қарашаға дейін ұзартылғаны хабарланды. Байқау мерзімі әлеуетті инвесторлардың активті зерделеп және мүдделі тараптарды көбірек тартуға қосымша уақыт беу үшін ұзартылған.
Ақыр соңында «Самұрық-Қазына» 38 млрд теңге қарызы бар әуе компаниясын сата алмады. 14 қарашада екі кезеңнен тұратын конкурс нәтижесі жарамсыз деп танылды. Себебі бірқатар инвестор қызығушылық танытқанымен, конкурс шартына сәйкес келетін өтінім түспеген.
Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуі тиіс. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл – компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.
Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.
«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуе компаниясын 2015 жылы Қазақстан өңірлерін, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтар арасындағы әуе қатынасын дамыту мақсатында құрды. Әуе компаниясының паркі 5 De Havilland Dash-8-Q400NG (бұрынғы Bombardier Q400) ұшағынан тұрады және Астана әуежайында орналасқан.
Қазіргі кезде әуе компаниясы 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Оның 16-сы ішкі рейстер болса, 6-уы – халықаралық рейс. 2022 жылы 561 000 жолаушы тасымалдаған. 2022 жылғы кірісі 20,4 млрд теңгені құрайды.
QazaqGaz 2025 жылы IPO-ға шығады
Үкімет жоспары бойынша, 2025 жылы QazaqGaz, «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго» компаниялары ІPO-ға шығады.
QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов Хьюстонда өткен CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясында ұлттық компания 2025 жылы IPO-ға шығуға дайын деп мәлімдеді.
Оған дейін өз қызметінің тарифін қымбаттатады. Өйткені компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтқан.
«QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ компаниясы.
Биыл QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге немесе 2022 жыл қорытындысы бойынша алынған таза пайданың 7%-ын төлеген.
«Самұрық-Энерго» Qazaq Green Power атты «жасыл» компания құрады
Алдағы уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «жасыл» активтері «Qazaq Green Power» атты жаңа энергетикалық компания иелігіне берілмек. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, оны 2024 жылы IPO-ға шығару жоспарланып отыр.
Серік Түйтебаевтың пікірінше, «жасыл» компанияны құру ЖЭК-ті дамытуға инвестиция тартады, жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын құрады, бірыңғай холдингте «жасыл» активтерді шоғырландыру нәтижесінде дәстүрлі генерациямен қарама-қарсы субсидиялау тәуекелдерін азайтады.