Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арнайы Заң жобасы әзірленді

Жарияланды
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әзірленіп, мәжіліс қарауына жіберілмек. Бұл жайлы сенат депутаты Жанна Асанова хабарлады.

Бұл заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге, адам құқықтары жеке қауіпсіздік кепілдіктерін, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға және әділ сот талқылауына қол жеткізу мақсатында әзірленген. Депутат заң жобасы арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге болады деп санайды.

«2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Ешкімді бей-жай қалдырмаған бірнеше атышулы істер болды. Біз, Сенат депутаттары, Үкіметке сауал жолдаған болатынбыз, естеріңізде болса, жауап тез келді», – деп жазды депутат өзінің әлеуметтік парақшасында.

Депутат Заң жобасын әзірлеуге білікті мамандар мен осы сала сарапшылары, әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, мемлекеттік органдар, заңгерлер және т.б. жұмыс жасағанын айтты.

«Құжат дайын, жақын күндері Мәжіліс қарауына енеді», – деп жазды депутат.

Заң жобасына мыналар кіреді:

  • зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту, яғни ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік;
  • оларды мемлекеттік айыптаудағы қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызу;
  • балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатайту және тараптардың татуласуына жол бермеу.

Ал зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құрылады. Яғни Отбасын қолдау орталықтары, балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашылады. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстегі ерекше талаптар, оның ішінде агрессормен психологиялық жұмыс жүргізілетін болады.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдар Динара Зәкиеваның командасымен бірлесе отырып, қорғаншылық қызметкерлерінің санын 1650 адамға (қазіргі уақытта республика бойынша 309) жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Алайда, президент атап өткендей, «егер қоғамда агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне толық бас тарту, «мүлдем төзбеушілік» болмаса, кез келген заңнамалық өзгерістер тиімді болмайды. Отбасы институтын нығайту, адам мен тұлға құқығын құрметтеуге, бір-бірін іштей сыйлауға тәрбиелеу – осы құрамдас бөліктердің барлығы тепе-теңдікте болуы керек»,  – деді .

Президент тапсырмасы

Жалпы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арнаулы заң жоқ. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.

Сонымен бірге қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, петиция жариялады. Онда әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды сұраған болатын. Көпшілік Қылмыстық кодекстегі «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптарына өзгеріс енгізуді талап еткен. Сондай-ақ азаматтар отбасылық-тұрмыстық салада басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді сұрады. Бұл петиция 150 мыңнан астам қол жинаған. Бірақ Әділет министрлігінің хабарлауынша ресми сайтта жарияланбағандықтан, бұл петицияны жарамсыз деп таныған.

Бірақ президент жақында шыққан сұхбатында 150 мың адам қол қойған зорлық-зомбылыққа қарсы петиция заңды-заңсыз болғанына қарамастан ескерілетінін айтты.

«Нақты жауап бере­йін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын», – деді президент.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар қалай жазаланады?

Ал 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатая түскен. Оған сәйкес, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту енді жасалмайды, орнына 10 тәулікке қамауға алынады. Сот белгілеген ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынбайды, оның орнына қамауға алу мерзімі 10 тәулікке ұзартылған.

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы мас күйінде жасалады екен. Бұл жайлы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

«Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынып, 11 мыңына ерекше талаптар белгіленді. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Барлық аталған адам профилактикалық есепке қойылады және оларға полицияның күшейтілген бақылауы жүзеге асырылады. Нәтижесінде шектеулерді бұзғаны үшін 8 мың есептегі адам жауапқа тартылды. Тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі – шамамен 80% мас күйінде жасалатынын атап өткен жөн. Сол себепті, бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жаңжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды«, – деді Лепеха.

Ал 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған. 

Осы қатаң заң талаптарына сай әнші Рахат Тұрлыханов жазаланды. Ол әйелін соққыға жыққаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке сотталды. Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарап, бірінші сатылы сот шешімін жарамсыз деп таныды. Бірінші сатылы сот Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған. Ал заңға сай қамауға алынуы тиіс болған. Аталған материалды қарау барысында, сот алқасы бұрын жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеген.

Сондай-ақ оқыңыз