Қазақстанда өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылған. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған брифингте Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты.
«Өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылды. Оның ішінде 1 057 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілді», – деді Серікбаева.
Полиция өкілі бүгінгі таңда есепте құқық бұзушылық пен қылмыс жасаған 120 мың адам тұрғанын айтты. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 39 мың адам полиция назарына ілінген. Олармен полиция өкілдері профилактикалық әңгіме жүргізген. Сонымен бірге олардың ішінде қауіптілік деңгейін анықтау үшін 3 669 отбасына сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде 559 отбасында қайта құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары екені белгілі болған. Оларға агрессияны болдырмау үшін психокоррекциялық курстардан өз еркімен өту ұсынылған.
«Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 557 агрессор және мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды орындамағаны үшін 531 құқық бұзушы қамауға алынды», – дейді полиция өкілі.
Сонымен бірге өмірлік қиын жағдайдағы 675 отбасы, оның ішінде қолайсыз әлеуметтік ортадағы зорлық-зомбылық белгілері бар балалар анықталып, оларға көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін не істеліп жатыр?
19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатая түскен. Оған сәйкес, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту енді жасалмайды, орнына 10 тәулікке қамауға алынады. Ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғандарға айыппұл салынбайды, оның орнына қамауға алу мерзімі 10 тәулікке ұзартылған.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы мас күйінде жасалады екен. Бұл жайлы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
«Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынып, 11 мыңына ерекше талаптар белгіленді. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Барлық аталған адам профилактикалық есепке қойылады және оларға полицияның күшейтілген бақылауы жүзеге асырылады. Нәтижесінде шектеулерді бұзғаны үшін 8 мың есептегі адам жауапқа тартылды. Тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі – шамамен 80% мас күйінде жасалатынын атап өткен жөн. Сол себепті, бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жанжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды»,– деді Лепеха.
Ал 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған.
Жақында сенат депутаты Жанна Асанова Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әзірленіп, мәжіліс қарауына жіберілетінін айтты. Бұл заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге мүмкіндік бермек, Сондай-ақ заң адам құқықтары жеке қауіпсіздік кепілдіктерін, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға және әділ сот талқылауына қол жеткізу мақсатында әзірленген. Депутат заң жобасы арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге болады деп санайды.
Осы қатаң заң талаптарына сай әнші Рахат Тұрлыханов жазаланды. Ол әйелін соққыға жыққаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке сотталды. Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарап, бірінші сатылы сот шешімін жарамсыз деп таныды. Бірінші сатылы сот Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған. Ал заңға сай қамауға алынуы тиіс болған. Аталған материалды қарау барысында, сот алқасы бұрын жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеген.