Қор биржасындағы бүгінгі сауда-саттықта теңге доллар мен рубльге қатысты қайта нығайды. Жалпы, осы апта ұлттық валюта долларға қатысты 1,7%-ға қымбаттаған.
Сарапшылар оған алдағы салық кезеңі ықпал етті деп тұжырымдайды. Ұлттық банктің мәліметінше, апта басындағы доллар бағамы 451,24 теңге болған. Бүгінгі сауда қорытындысы бойынша теңгенің долларға қатысты бағамы 447,08 теңге болды.
Дегенмен қаржы нарығының өкілдері ұлттық валютаның долларға қатысты нығаю циклі аяқталып қалғанын айтады. Бұл цикл 2023 жылдың қарашасынан 2024-тің қаңтарына дейін 3 айға созылған еді.
Ал Freedom сарапшылары доллар жаңа өсу үрдісін бастады деп тұжырымдайды. Дегенмен көп нәрсе ұлттық валютаның 1 долларға 455 теңгеге дейін әлсіреуіне байланысты болмақ.
Қаржыгерлер қауымдастығының болжамы бойынша, наурыздың басында доллар бағамы 455 теңгені құрайды. Бұған дейінгі болжамда қаржыгерлер 1 доллар 457 теңгеден саудалануы мүмкін деген. АҚШ валютасының аздап әлсіреуіне алдағы салық кезеңі әсер етпек.
Қаржы нарығының өкілдері биыл доллар қайта қымбаттап, ұлттық валюта құнсыздануы мүмкін деп отыр. Өйткені қазір нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі салдарынан теңгедегі құралдардың тартымдылығы төмендейді. Сондай-ақ импорт пен сыртқы қарыз бойынша төлем көлемінің артуы теңге бағамына кері ықпал етеді.
Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында теңге құнсызданып, доллар бағамы бірден 6 теңгеге дейін көтерілген. Күндізгі сауда-саттықта доллардың орташа сараланған бағамы 482,24 теңгені құрады. Ал одан кейінгі 3 айда теңге аздап нығайып, жыл соңында доллар 451 теңге айналасында тұрақтаған.