Теңге қайта құнсызданды: Ұлттық валютаның долларға қатысты нығаю циклі аяқталды

Жарияланды
Шығарушы редактор
теңге
Теңге қайта құнсызданды. Фото: kursiv.media

Қазақстанның ұлттық валютасы қайта құнсызданып жатыр. АҚШ валютасының 6 ақпандағы ресми бағамы – 453,16 теңге. Бұл 25 қаңтарда тіркелген көрсеткіштен 7,73 теңгеге артық.

Бірінші несие бюросының сарапшылары доллар бағамы өткен айдың басындағы деңгейге қайта оралғанын жазады.

Қажыгерлер мұндай динамикаға Ұлттық Банктің жуырдағы хабарламасы қатты әсер етті деп тұжырымдайды. Онда реттеуші ақпан айында шетел валютасын таза сату көлемі төрт есе, яғни 200 миллион долларға дейін төмендегенін хабарлаған.

Осылайша, теңгенің долларға қатысты нығаю циклі аяқталған. Бұл цикл 2023 жылдың қарашасынан 2024-тің қаңтарына дейін 3 айға созылған еді.

Freedom сарапшылары доллар жаңа өсу үрдісін бастады деп тұжырымдайды. Дегенмен көп нәрсе ұлттық валютаның 1 долларға 455 теңгеге дейін әлсіреуіне байланысты болмақ.

Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында теңге құнсызданып, доллар бағамы бірден 6 теңгеге дейін көтерілген. Күндізгі сауда-саттықта доллардың орташа сараланған бағамы 482,24 теңгені құрады. Ал одан кейінгі 3 айда теңге аздап нығайып, жыл соңында доллар 451 теңге айналасында тұрақтаған.

Қаржыгерлер 2023 жыл соңында теңгенің нығаюына Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі үлкен қолдау көрсеткенін айтады.

Қараша айында Ұлттық банк қордан 1,32 млрд доллар көлемінде валюта сатқаны белгілі. Бұл – КASE-дегі сауда-саттықтың үштен бір бөлігіне тең еді. Ал желтоқсан айында Ұлттық қордан 646 млн доллар валюта сатылды.

Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға жұмсалған.

Ал қаңтар айында бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1,05 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылды. Қордан сатылған валюта үлесі сауда-саттық көлемінің 29%-ын құрады.

Яғни үш ай қатарынан қордан аса ірі көлемде валюта сату – теңгенің нығаюына үлкен ықпал етті. Ақпанда Ұлттық банк 600-700 млн АҚШ долларын сатуды жоспарлап отыр.

Сол кезде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары Ұлттық қордан сатылатын валютаның азаюы теңге бағамына кері әсер етуі мүмкін деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз