Мемлекеттік қарызды жабуға Ұлттық қордан қаржы алынбайды

Жарияланды
Шығарушы редактор
мемлекеттік қарызды
Мемлекеттік қарызды қарызбен жабамыз ба? Фото: kursiv.media

Мемлекеттік қарызды жабуға Ұлттық қордан қаржы алынбайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

«Мемлекеттік қарыз Ұлттық қордан жабылмайды деп айтуға болады. Өйткені бізде бюджеттік жүйе бар. Бюджет шығысын жабудың екі жолы бар. Бірінші бюджеттік кіріс есебінен. Екінші жолы – қарызды қайта қаржыландыру арқылы. Қарызды басқару барысында кірістерді пайдаланбай, нарықтардан қарыз алып, оны қайта жауып, ұзартуға болады», – деп атап өтті министр.

Оның пайымдауынша, бұл – тиімді тәсіл. Өйткені халықаралық қаржы нарығында Қазақстанның кредиттік рейтингі жоғары.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның биыл жабылуға тиіс қарыз көлемі 2,5 трлн теңгені құрайды.

2023 жылы мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы көлемі 26% жетсе, 2022 жылы 24% болған. 

Былтыр 9 айда мемлекеттік қарыз шығынына 3,7 трлн теңге жұмсалған еді.

Мемлекет қарызы  Әлихан Смайылов басшылық еткен тұста айтарлықтай өскен. Нақтырақ айтсақ, Смайылов басқарған екі жылда Үкімет қарызы 54,8 млрд долларға  дейін жеткен.

Смайылов премьер болып тұрған 2022 жылдың қаңтарында мемлекеттік қарыз 43,3 млрд доллар еді. 2024 жылдың қаңтарында 54,8 млрд долларды құраған.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған.

Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатудан түскен 1,3 трлн теңге қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайта бағыттауына да осы жағдай, яғни Ұлттық қордан бюджетке аударымдарды шектеу мен несиелік шектеулер себеп болуы мүмкін деп топшылайды

Сондай-ақ оқыңыз