Салық аптасы мен базалық мөлшерлеме: теңге бағамына не әсер етеді?

Жарияланды
Шығарушы редактор
салық аптасы
Фото: shutterstock.com

Өткен апта аяғында ұлттық валюта әлсіреуін жалғастырды. Оған инвесторлардың әлемдік капитал нарығындағы тәуекелден қашуы және доллар индексінің нығаюы әсер еткен. Алда салық аптасы келе жатыр. Сол себепті ірі компаниялар осы апта ішінде валюта сатады. Ол теңге бағамына әсер етпей қоймайды.

Жұма күнгі сауда-саттық соңында USD/KZT жұбының орташа сараланған бағамы 1 долларға 448,88 теңгеге дейін көтерілді (+0,69 теңге). Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында сауда көлемі айтарлықтай – $122,8 млн (-56,0 млн) дейін төмендегені жазылған.

Сарапшылар алдағы салық аптасы мен ҰБ-ның базалық мөлшерлемеге қатысты отырысы да төл валюта бағамына қатты әсер ететінін айтады.

26 ақпанда пайдалы қазбаларды өндіру салығы, КТС, ҚҚС және экспортталатын мұнайға рента салығын қоса алғанда, 13 салықты төлейтін уақыт келеді. Тиісінше, салық төлеуге қажет қаржы осы аптаның аяғында айырбасталуы мүмкін. Ол нарықта валюта сауда-саттығының артуынан байқалады. Ұлттық валюта сыртқы орта құбылмалылығына аса сезімтал болмайды.

Бұл ретте, сарапшылар осы аптаның басты оқиғасы – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме (23.02) бойынша кезекті отырысы екенін атап өтеді. ҚҚҚ сауалнамасында қаржы нарығының сарапшылары бірауыздан (81%) базалық мөлшерлеме төмендейді деп тұжырымдаған. Сарапшылар теңгедегі ақтивтердің тартымдылығын сақтауда ақша-несие саясаты жұмсақ жүргізілетінін атап өтеді.

ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қаңтарда теңге нығая түскенін мәлімдеді.

«Қаңтар айында теңге бағамы 1,4%-ға нығайып, бір доллар үшін 448,17 теңгені құрады. Жыл басынан бері Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын трансферттерді қамтамасыз ету үшін шетел валютасын сату көлемі ұлғайды. Оның сомасы 1 миллиард доллардан асады», – деді Баймағамбетов.

Дегемен ақпан айының басында қаржы нарығының өкілдері теңге қайта құнсызданатынын айтқан. Сарапшылар ұлттық валютаның долларға қатысты нығаю циклі аяқталды деп тұжырымдайды.

Қаржыгерлер 2023 жыл соңында теңгенің нығаюына Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі үлкен қолдау көрсеткенін айтады.

 2024 жылдың қаңтар айында бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1,05 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылды. Қордан сатылған валюта үлесі сауда-саттық көлемінің 29%-ын құрады.

Яғни үш ай қатарынан қордан аса ірі көлемде валюта сату – теңгенің нығаюына үлкен ықпал етті. Ақпанда Ұлттық банк 600-700 млн АҚШ долларын сатуды жоспарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз