Жаңалықтар

1 мамырдан бастап Қазақстанға автокөлікпен жұмыртқа кіргізуге тыйым салынады

тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынады
Тауық жұмыртқасын әкелуге 6 айға тыйым салынады / Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынады. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында жазылған.

«Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқасын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатуралық коды: 040721) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», – делінген құжатта.

Не үшін тыйым салынды? Министрлік мәліметінше, елдегі құс фабрикалары ішкі нарықты жұмыртқамен 98 пайыз қамти алады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтарда республикада 56,5 млн бас құс саналған. Ал 2022 жылғы ұқсас кезеңде құс саны 50 млн бас болған, яғни өсім 13,8%-ды құрап отыр.

Түсіндірме құжатта 2023 жылы  өндіріс көлемі 4,9 млрд дананы құрағаны айтылған. Ал 2022 жылы өндіріс 5 млрд дананы құраған. Ұлттық статистика бюросының алдын-ала деректеріне сәйкес 2023 жылы экспорт 175,9 млн дана, импорт 286,9 млн дананы құраған. Осылайша 2023 жылы ішкі нарықтың өзіндік өндірісі есебінен қамтамасыз етілуі 98%-ды құраған.

Яғни құс санының 56,5 млн-ға көбеюіне байланысты министрлік жұмыртқа импортынсыз ішкі нарықты қамту мүмкіндігі жоғары болатынын болжаған.

Бұл шектеу 2024 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жұмыртқа бағасы неге қымбат?

Құс фабрикаларының жақсы көрсеткіші мен өсіміне қарамастан, елдегі жұмыртқа бағасы қымбаттады. Қазіргі таңда ел дүкендеріндегі жұмыртқаның ең төменгі бағасы шамамен 65-66 теңгені құрайды. Жұмыртқа бағасының не себепті бұлайша қымбаттап кеткенін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев түсіндіріп берді. Бағаның қымбаттауын маусымдық сипаты барын айтқан министр:

«Маусымдық өсім барын жасырмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша айына 0,2% қымбатшылық бар. Баға динамикасы әрдайым маусымға қарай өзгереді. Жазда жұмыртқа бағасы арзандайды, қыста қымбаттайды. Маусым, жаңбыр, қар мен күн сәулесі де бар», – деді.

2023 жылдың 30 қарашасында Қазақстан құс өсірушілер одағы және жұмыртқа өндірушілер ассоциациясымен бағаның өсуіне жол бермеу туралы меморандумға қол қойды. Аталған шара маусымдық қымбаттау кезеңінде жұмыртқа бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беруі керек болған. Бірақ соған қарамастан, баға жаңа жылдан кейін қымабаттап кетті.

Өз кезегінде бағаның өсуіне көрші ел Ресейдегі жұмыртқа тапшылығы да әсер етті. Осыған байланысты Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желілеріне тауық жұмыртқаларын жеткізуді арттыру туралы өтініш жасады. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырған.