Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтың ойындары» мультиспортты халықаралық турнирінің ашылу салтанатында Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Президенті алдағы сайлауда Путиннің жеңіске жететініне күмән келтірмейтінін айтты.
«Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар», – деді президент.
Сонымен бірге Қазан қаласында алғаш рет өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл ойындарды Қазақстанда өткізуді ұсынды.
«Шын мәнінде, «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Жалпы Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Біздің өз ойындарымыз бар. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын», – деді.
Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин Ресей тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі күшейтуге бейілді екенін жеткізіп, спортқа саясаттан бөлек қарау қажеттігін айтты.
«Спорт қандай да бір саясаттан тыс болуы керек, сондай-ақ халықтарды жақындастыруға тиіс. Мен мұны бірнеше рет айттым, тағы да қайталағым келеді. Екіжақты қатынастарға келер болсақ, байланыстарымыз аса маңызды барлық сала бойынша нәтижелі дамып келеді. Былтыр біздің делегацияның Қазақстанға сапары сәтті болды. Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қазіргі уақытта қалай жүріп жатқанын баяндайды. Мұның бәрінде жалпы екі ел, жекелеген аймақтар және тұтас салалар үшін өзара мүдде көзделеді», – деді Путин.
Қазақстан президенті Ресейде өтетін президенттік сайлауға қатысты осыған дейін де пікір білдірген. Ресейде өтетін президент сайлауының Қазақстан үшін мәні зор екенін, Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнағанын айтқан болатын. Сонымен бірге ол Ресей мен Қазақстанның негізгі серіктес әрі одақтасы екенін айтып, өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсткенін мәлімдеді. Айтуынша, екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Соған сай барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істейді.
«Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз»,– деген болатын мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ресейде наурызда президент сайлауы 17 наурызда өтетінін жазды. Сайлау өкізу туралы шешім Федералды кеңестің 556-шы жалпы отырысында қабылданған. Федералды кеңестің 162 депутатының барлығы бірауыздан сайлау өткізу туралы шешімді мақұлдаған.
Өз кезегінде Владимир Путин 2024 жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ресей Федерациясының ОСК шешіміне сәйкес, Ресей президентін сайлау 2024 жылдың 15-17 наурыз аралығында өтеді.