Жаңалықтар

Жаңа заң нормасы: кәмелетке толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады

Фото: kursiv.media

Мәжілісте көптен бері талқыланып жатқан Заң жобасында кәмелетке толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов айтты.

«Талқыланып жатқан заңда кәмелетке толмаған адамды қорқытқаны, 16 жасқа толмаған адамдарды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – деді полиция өкілі.

Журналистер: «Бұл өзгеріс қоғамдық көліктерде билетсіз жүретін жолаушылардың санының артуына алып келмей ме?«, – деп сұрады.

Полиция өкілі бұл норманың жасөсіпірмдер мен балалардың қауіпсіздігіне бағытталғанын, сондықтан мұндай норманың қажет екенін айтты.

«Меніңше, бұл билетсіз жолаушылардың санын сонша көбейте қоймайды. Жүргізуші баланың билетсіз жүргенін анықтаса, полицияны шақырады. Олар қорғаншылық орган мамандарын шақырып, не себепті баланың билетсіз жүруге мәжбүр болғанын анықтайды. Зерделеу барысында ата-ананың өз баласын осындай жағдайға душар болуына әдейі себеп болып отырғаны анықталса, кедергісіз қоғамдық көлікте жүру мүмкіндігін қамтамасыз етпесе, өзінің тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамаған болса, онда әке-шешені жауапқа тарту мәселесі қаралуы мүмкін», – деді Әлекешев.

Сонымен бірге заң аясында жабық мекемелерде балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге жол бермеу мақсатында заң жобасында мектеп-интернаттарды мемлекеттік бақылаудың арнайы тетіктері енгізілетінін, балаларға арнаулы әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау қызметтерін көрсететін мекемелерді міндетті лицензиялау мәселесі көзделгенін атап өтті.

Заң не туралы?

31 қаңтарда депутаттар Мәжіліс әйелдер құқы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Бұл заңның Мәжіліс қарауына жіберілгені туралы Сенат депутаты Жанна Асанова хабарлаған болатын. Депутат заң жобасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге мүмкіндік беретінін айтты. Заң адам құқықтары жеке қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға және әділ сот талқылауына қол жеткізу жол береді.

Ал ақпанда Парламентте Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заң жобасының таныстырылымы өтті. Талқыланып жатқан Заң жобасында тұрмыстық заң бұзушылықтарға қылмыстық сипат беру мәселесі көтерілген. Сонымен бірге заңда балаларға жасалған қылмысқа қатысты жаза күшейген.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылықтың жазасы декриминализацияланғанын айтады. Сол себепті де бүгінгі таңда аса ауыр резонансты оқиғалар көбейіп кеткен.

Заң жобасының негізгі аспектілеріне тоқталсақ, 2017 жылдан бастап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте 73-бабының 1-тармағында «денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін» әкімшіліқ жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар 15 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу жайлы норма бар. Мұндайда зорлық-зомбылық көрсеткендер тек қана ескертумен құтылатын болған. Жаңа өзгеріске сәйкес бұл баптар Қылмыстық кодекске енеді. Яғни жазасы қатаяды. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабының 2-тармағы «ұрып соққан үшін зиян келтіру» бабының барлығы қылмыстық кодекске енгізілген.

Жобада балалардың құқығын қорғау саласына қатысты екі жаңа норма қарастырылған. Балаларға зиян тигізгендерге жаза күшейеді. Енді балаға зорлық жасағандар мерзімін өтеп, түрмеден шыға алмайды.

«Педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланы өлтіргендерге де жаңа редакцияда өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр»,– деді депутат.

Сонымен бірге азаптауға қатысты да жаза қолданылады. Жаңа редакциядағы заңға сәйкес мұндай қылмыс жасағанда қоғамдық жұмыста 600 сағатқа дейін істеуге тиіс немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жұлдыз Сүлейменова Заң жобасына жаңа бап қосылатынын атап өтті.