Standard&Poor’s болжамы: Қазақстанның кредиттік рейтингі «тұрақты»

Жарияланды (жаңартылды )
S&P Global Ratings
S&P Global Ratings болжамына сәйкес Қазақстанның кредиттік рейтингі  «BBB–» деңгейінде / Фото: shutterstock

S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін тұрақты деңгейде растады. Бұл жайлы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

«1 наурызда S&P рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасы бойынша егеменді кредиттік рейтингін талдау шеңберінде елдің кредиттік рейтингін «BBB–» деңгейінде «тұрақты» болжамын растады,  делінген хабарламада.

Агенттік бұл шешімін, ең алдымен, ықтимал сыртқы шоктарды бейтараптандыратын елеулі сыртқы резервтердің көлемі мен айтарлықтай бюджеттік тұрақтылықтың болуымен түсіндірген. Агенттік сарапшылары мемлекеттік басқарудағы жоспарланған реформалар мен экономикалық реформалар егеменді рейтингтің болжамына оң әсер ететінін атап өткен.

Десе де, S&P сарапшылары қуат көзі мен азық-түлік бағасының жаһандық төмендеуіне қарамастан, инфляциялық қысым сақталып отырғанын айтады. Агенттік болжамында 2024 жылы инфляция орташа есеппен 8%-ды құрайтыны жазылған. Ал 2026 жылға қарай Ұлттық Банктің мақсаттық деңгейіне сәйкес бұл көрсеткіш 5%-ға дейін баяулауы мүмкін деп болжанады.

Сонымен бірге сарапшылар 2015 жылы еркін құбылмалы айырбас бағамына көшу арқылы экономика құбылмалылықтың сыртқы факторларына бейімделе алғанын айтады. Соған сәйкес 2023 жылдың желтоқсанында долларсыздандыру деңгейі 23%-ға жеткен. Мамандар тұрақты айырбас бағамы мен инфляцияның біртіндеп төмендеуі одан әрі өсудің алдын алады деп болжайды.

S&P Global Ratings агенттігі орталық банктің дербестігі мен ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық Банктің жаңа несие және экономиканы қолдау бағдарламаларына қатыспайтынын да атап өткен.

Жалпы алғанда сарапшылар мемлекеттік шығыстардың өсуін азайтуға бағытталған бюджеттік ережелердің енгізілуін оң бағалаған. Агенттік Ұлттық қордан түсетін шығыстар мен трансферттердің өсімін азайтуға бағытталған Үкімет жоспарлары мемлекеттік бюджеттің тапшылығын ұстап тұруға және халықаралық резервтер деңгейін тұрақтандыруға тиіс деп болжайды.

Moody’s рейтингі

Еске сала кетксек, күзде Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның дербес несиелік рейтингін «тұрақтыдан» «позитивті» деңгейге көтерген болатын.

Атап айтқанда, халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның дербесі несиелік рейтингін «Baa2» деңгейінде растап, «тұрақтыдан» «оңтайлы» деңгейіне дейін жақсартқан. Мұндай рейтингті растау үшін агенттік күшті мемлекеттік балансты, төмен борыштық жүктеме мен айтарлықтай валюталық резервтерді негізге алған.

Сонымен қатар ведомство шикізаттық емес секторларға тартылған инвестиция көлемінің артқанын ескеріп, Қытай мен ЕО арасындағы сауда жолына балама ретінде қызмет ететін Транскаспий халықаралық көлік бағыты жобасы Қазақстан үшін жаңа көлік-логистикалық мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өткен.

Бұлайша болжамның «позитивтіге» өзгеруі осы динамиканы сақтай отырып, болашақта егеменді рейтингтің ықтимал жоғарылауынан сигнал береді.

Сондай-ақ оқыңыз