Банктерге қазақстандықтардың қарыздарын коллекторларға сатуға 2026 жылға дейін тыйым салынады

Жарияланды
АРРФР поддерживает мораторий на продажу пробленых займов
Қазақстандықтардың қарыздарын коллекторларға сатуға 2 жылға тыйым салынады/kursiv.media

Алдағы екі жылда коллекторлық кеңселер проблемалық несиелері бар портфельдерді банктерден сатып ала алмайды. Қазақстандықтардың банк алдындағы қарыздарын коллекторларға сату 2026 жылға дейін тоқтатылады. Мұндай шара несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдағы өзгерістер мен толықтыруларда қарастырылған.

Депутаттар ұсынысы

Заң жобасын талқылау барысында депутат Никита Шаталов биыл жыл басында коллекторлық агенттіктердің портфелінде жалпы қарызы 382 миллиард теңгені құрайтын 890 мың қарыз алушы бар екенін атап өтті. Шаталов коллекторларға қарыздарды сатуға толық тыйым салу жөнінде депутаттар құрамының ұсынысы болғанын еске салды.

«Бізге коллекторлардың жұмыс тәсілдері белгілі – бұл көбінесе қарызды өндіріп алу. Заң жобасының авторлары азаматтардың проблемалық қарыздарын коллекторларға сатуға толық тыйым салуды енгізуді ұсынды. Алайда үкімет бұл норманы қолдамай, оның орнына басқаша ұсыныс жасады. Бұл – кешіктірілген күннен бастап 24 ай ішінде коллектордың проблемалық несиелерді сатуына тыйым салу»,  – деді мәжілісмен.

Сондай-ақ ол депутаттардың 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарыздарын коллекторларға сатуына мораторий енгізуді ұсынғанын хабарлады. Никита Шаталов осы орайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымовадан не себепті депутаттарды проблемалық қарыздарды коллекторларға сатуға толық тыйым салу туралы ұсынысы қолдау таппағанын сұрады.

Қаржы нарығы агенттігінің басшысы не дейді

Мәдина Әбілқасымова депутаттардың мораторий енгізу туралы бұл түзетуін қолдайтынын мәлімдеді.

«Соңғы екі жылда коллекторлардың банктерден және микроқаржы ұйымдарынан сатып алған проблемалық қарыз көлемі айтарлықтай өсті. Біздің дерегіміз бойынша, алынған қарыздың көлемі қазірдің өзінде 359 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл 891 мың қарыз алушының несиесі. Сонымен қатар банктер мен микроқаржы ұйымдарының өздерінің баланстарында проблемалық қарыздары бар», – деді Әбілқасымова.

Қаржы нарығы агенттігінің басшысы елімізде микроқаржы ұйымдарының онлайн-несиелеу секторында да проблемалық қарыздардың өскенін атап өтті.

«Осыған байланысты, берешекті реттеп, оны азайтуға жағдай жасау үшін біз коллекторларға несие сатуға мораторий қабылдауды өте қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, қазір заңға коллекторлар проблемалық қарызды реттеу процедурасын жүргізуі керек деген талаптар енгізілуде. Бұл депутаттар ұсынған өте маңызды новелла және ол қарызды қайта құрылымдау рәсімін тек банктер мен МҚҰ-ның балансында ғана емес, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерде жүргізуге мүмкіндік береді», – деп жауап берді агенттік басшысы.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер мен микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздарын мерзімі өткеннен кейін 24 ай ішінде реттеуге міндетті. Бұл есеп айырысу міндетін коллекторларға тапсыруды жоспарлап отыр.

«Бұл шаралар қордаланған проблемалық берешектің үлкен көлемін азайтуға әсер етеді деп ойлаймыз. Қажет болған жағдайда коллекторлық агенттіктерге несие сатуды күшейтетін кейбір қосымша шараларды қарастыруға болады. Бұл шаралар қайта құрылымдау және проблемалық қарыздарды азайту бағытында жұмыс істейтін қаржы ұйымдарына айтарлықтай серпін береді деп ойлаймыз», – деп қорытындылады Агенттік басшысы.

Осы орайда коллекторлар жөнінде қалыптасқан түсініктер көп екенін айтқымыз келеді. Коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болатыны жайлы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз