Қазақстанның банк секторы жаңа ойыншыларға мұқтаж ба?

Жарияланды
Банк секторы жаңа қаржы ұйымымен толығуы елге тиімді ме / фото: архив kursiv.media

Президенттің елге үш шетелдік банк келуі керек деген мәлімдемесінен кейін бұл сауал нарық ойыншылары арасында қызу талқылана бастады. Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да жыл соңына дейін елімізде бір шетелдік банк келуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал, сондай ақ. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі сатып алған ресейлік «Сбербанк» -тің еншілесі Bereke bank-Қатар инвесторы сатып алатыны белгілі болды.

Сонымен елімізге келетін шетелдік банктер туралы олар қай банктер, қай елдің қаржы институттары болуы мүмкін деген сауал туып отыр. Мәдина Әбілқасымованың өзі бұл сауалға нақты жауап берген жоқ, алайда шетелдік қаржы ұйымдары тарапынан біздің банк секторына қатысты қызығушылық бар екенін ескертті.

Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, қазір банк секторы қатаң бәсекелестік пен жаңа ойыншыларға тым қатты мұқтаж болып тұр. Өйткені, сарапшының айтуынша елдегі банктерде тәуекел кезеңі басталған болуы мүмкін. Осылайша, қаржыгер бір танысының өз депозитін кепілге қою арқылы несие алу талпынысы сәсіз аяқталғанын мысалға келтіреді. Ол үш банкке барған. Бірақ, үш қаржы ұйымының үшеуі де әлгі клиенттің қомақты депозиті бола тұра, одан қосымша кепіл сұраған. Осыған қарап, қаржыгер банктердің тәуекелге барудан қаша бастағанына мән береді.

Ал, Teniz Capital Investment Banking шолуында отандық банк секторындағы ойыншылар арасында бірігу процесі жүретін секілді деп болжайды.

«Бөлшек нарықтағы Halyk рөлінің күшеюіне байланысты (2023 жылы Halyk тобының жеке тұлғаларға несие беру көлемі 25 пайызға ұлғайды, ал бөлшек депозит көлемі 22 пайызға артты), әлдеқайда шағын ойыншылар әмбебап банктерге трансформациялануға және өсіп келе жатқан корпоративтік сегменттен өз бағытын табуға (бизнеске несие беру өсім қарқыны 2022 жылғы 13,9 пайыздан 2023 жылы 16,7 пайызға дейін жоғарылады) мәжбүр болады. Не болмаса ондай ойыншылар ірі ойыншыларға жұтылып кетеді», дейді сарапшылар.

Сарапшылардың дерегінше, банктер технологиялық дамуға қомақты қаржы құюда. Соның арқасында 2023 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша банктердің онлайн-сервисін белсенді пайдаланушылар саны 22 миллионнан асты. Сонымен қатар, скорингті қатаңдатты. Осының бәрі бөлшек несие тартуға кететін операциялық шығындарды ұлғайтты. Халықтың несие жүктемесіне байланысты бақылаудың күшеюі және аударымдарды қадағалаудың жаңа ережесі де қиындық туғызып тұр. Teniz Capital Investment Banking сарапшыларының пайымынша, бұл фактордың барлығы кішкентай банктердің әлеуетін төмендетеді.

Олардың айтуынша, табысты жүйелі түрде әртараптандыру және өтімді активтер беріктігінің үлкен қоры жоғары пайыздық мөлшерлемелер кезінде тиімді. 2023 жылы желтоқсанның қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банк активтері 4,6 пайызға, 51 441 млрд теңгеге дейін көбейді.

«Банк секторын қадағалау әрекеттерінің қатаңдауына қарамастан, технологиялық артықшылығы, қорландырудың тұрақты базасы және шетелдік капитал нарығына деген қолжетімділік Halyk пен Kaspi топтарын алдағы бірнеше жылда сектордың лидері етеді. Halyk және Kaspi топтарының актив бойынша нарықтағы үлесі сәйкесінше 29 және 13 пайызды құрады», дейді сарапшылар

Teniz Capital Investment Banking сарапшылары банк секторының конъюнктурасын өзгертетін банктердің бірігуі бойынша жаңа мәмілелерді күтеді.

Дегенмен біз әзірге қандай да бір банктердің бірігуіне қатысты сыбыстарды ести қоймадық. Оның есесіне отандық нарыққа жаңа шетелдік ойыншылардың келіп қалуы мүмкін екені жайлы әңгіме арагідік айтылып қалады. Бұл өз кезегінде «Альфа Банк» пен «Сбербанк Қазақстанның» нарықтан кетуіне қатысты. Соңғысы былтыр Bereke Bank-ке айналып, «Бәйтерек» холдингінің басқаруына берілген еді. Қазір оны катарлық Lesha Bank-тің сатып алатыны белгілі болды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ірі екі ойыншының сектордан кетуіне байланысты жаңа несие ресурстарын, жаңа өнімдерді, бизнеске арналған займдарды ұсынуды төмендету туралы мәселе бірінші планға шықты. Елдегі несие белсенділігі үздік динамиканы көрсете алып жатқан жоқ.

«Жаңа ойыншылардың келуі қаржы институттары арасындағы бәсекені арттырып, займ тұрғысынан ұсыныстарды көбейтеді. Шетелдік банктер тарапынан Қазақстан нарығына деген қызығушылық бар. Олар негізінен Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа, ТМД, соның ішінде Ресей қаржы ұйымдары», дейді ол.

Ал сарапшылар болса, Қазақстанға жаңа банктердің келуіне байланысты асқан сақтықпен пікір айтады. Олардың айтуынша, бөлшек несиелеу нарығындағы қажеттілікті қазір жұмыс істеп тұрған қаржы институттары қамтамасыз етіп отыр. Ал ірі жобалармен кез келген ауқымды банк елге келмей ақ жұмыс істей алады. Қазақстанның банктердің жоғарғы деңгейлі табысына салық салуы да жаңа ойыншылардың біздің нарыққа келуге қатысты шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін.

Оның сөзінше, елге келетін қайсыбір банк те біздің елдің тәртібімен жұмыс істейді. Сондықтан олардың қызметінен ғажайып күте қоюдың да реті жоқ.

«Корпоративті басқару деңгейінің тиісті стандарттарға сай болуы өте маңызды. Бұл біздің агенттіктің басты міндеті. Барлық екінші деңгейлі банктегі корпоративтік басқару деңгейін халықаралық стандарттарға бейімдеу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Нарықта шағын және орта бизнесті несиелеу тұрғысынан банктер арасында бәсеке болуы тиіс. Тіпті жаңа банк келген күннің өзінде ол базалық мөлшерлемеге, экономикадағы ақша құнына ыңғайланады. Шетелдік банк келе сала басқа мөлшерлеме бойынша ресурс таратуы мүмкін емес. Базалық мөлшерлемеге байланысты депозит және кредит бойынша ставка анықталады. Қазір ставкалар шамамен 17-18 пайыз мөлшерінде және 20 пайызға дейін жетуі мүмкін. Маңыздысы – қай банктің төмен ставка бойынша жақсы өнім және қолайлы шарт ұсына алатындығы. Банктер арасындағы бәсекелестік ресурстардың қолжетімділігін арттырады», дейді Әбілқасымова.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева елдегі банк секторы жаңа бір ойыншымен толығуына байланысты мынадай пікір білдіреді.

«Меніңше, ең бірінші кезекте ірі банктерді тарту керек, екіншіден, олардың негізгі күші корпоративтік блокқа бағытталуы тиіс. Өйткені тұтынушылық несиелеу бойынша ұсыныстар өзімізде де жетіп артылады. Егер шетелдік банк халық үшін әлдеқайда арзан несие берер болса, онда қуана құп аламыз. Мен ондай банктер келеді және олар экономикамызды ынталандырады деп ойлаймын. Әрі ставка Қазақстанда шетелге қарағанда жоғары. Бізге мұндай банктерге арнап жағдай жасаумен айналысқан маңызды. Мысалы, қазіргі заң бойынша банк болып құрылғаннан кейін бір жыл ішінде депозит тартуға тыйым салынады. Ал біздің нарыққа келген кез келген банкке депозиттік база қажет, оларға өзінің жеке капиталынан басқа ресурс қажет емес. Сондықтан бұл шектеуді алып тастауымыз керек», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз