Бюджетке 9,5 трлн теңге түспеген: Үкімет салық жеңілдіктерін 25 пайызға қысқартпақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қазақстанда салық жеңілдіктері 25 пайызға қысқармақ. Фото: shutterstock.com

Қазақстанда қазіргі салық жеңілдіктері 25 пайызға қысқармақ. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабын жазылған.

Үкімет басшысының жауабында Салық кодексінде 478 жеңілдік анықталғаны, енді оның 25 пайызы, яғни 101-і қысқартылатыны жазылған. Осы жеңілдіктердің есебінен бюджетке 9,5 трлн теңге түспеген.

«Алып тастауға ұсынылатын жеңілдіктердің ішінде басым бөлігін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер құрайды. Осылайша, ҚҚС бойынша 736,7 млрд теңге сомасына 34 жеңілдікті алып тастау ұсынылады», – делінген жауапта.

Мәселен, әрілік заттарды өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында өндірілген және өткізілетін тауарларды өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату және басқа да жеңілдіктерді алып тасталмақ.

Бұл өзгерістер жаңа салық кодексінде жазылмақ. Жаңа құжатта салықтық жеңілдіктер ұғымы нақты жазылады. Салықтық жеңілдіктерді енгізу кезінде салалық мемлекеттік органдардың мәлімделген мақсаттарға қол жеткізілуі қадағаланып, қандай жеңілдікке ие болғаны салық есебінде көрсетілетін болады.

«Жеңілдіктерді саланың нәтижелерге қол жеткізу мерзімдерін көрсете отырып, қаржылық есептерді, оның ішінде бюджет шығындарының есептік мөлшерін, KPI ұсына отырып, толық әлеуметтік-экономикалық негіздеме болған кезде беру ұсынылады», делінген жауапта.

Сонымен қатар жаңа Бюджет кодексінің жобасында есептіліктің жаңа түрі – «Салық шығыстары туралы талдамалық есепті» енгізілмек. Салық шығыстары туралы талдамалық есеп жыл сайын жасалады. Сонымен қатар республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілмек.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев те бизнеске берілетін салық жеңілдігін қайта қаралатынын айтқан еді. Министр жаңа Салық кодексі жобасында жеңілдіктерге арналған жеке бөлім енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Содан кейін Қаржы министрлігі салық жеңілдігін ала алатын тұлғалар тізімін жасамақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында салық жеңілдіктеріне талдау жасап, көлемін кемінде 20%-ға қысқартуды тапсырған.

Бұған дейін мемлекет басшысы осы тапсырмасын орындамағаны үшін үкіметті сынға алған болатын. Салық түсімдері мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен үш бөлігін құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз