8,5 пайыз: Halyk Finance сарапшылары жылдық инфляцияға қатысты болжамын сақтап отыр
Halyk Finance 2024 жылдың соңына қарай инфляция 8,5% деңгейінде қалыптасады деген болжамын сақтап отыр. Өйткені екінші жарты жылдықта инфляцияға қысым жасайтын факторлар артуы мүмкін. Ал ел үкіметі биыл инфляцияны 6-8%-ға дейін төмендетуге ниетті.
Наурыз айында елдегі жылдық инфляция баяулап, 9,1%-ды құраған. Айлық мәндегі көрсеткіш 1,1%-дан 0,7%-ға дейін төменденген еді. Сарапшылар жылдық мәндегі инфляцияның баяулауына былтырғы жоғары базаның әсері мол болды деп тұжырымдайды. Алайда инфляцияның айтарлықтай бәсеңдеуіне ақылы қызмет бағасының өсуі біршама кедергі келтірген.
«Ақылы қызмет бағасының өсуі тоқсандық көрсеткішті айтарлықтай жоғары деңгейде ұстап тұрды. Ал екінші тоқсанда инфляцияның жылдық мәні қазіргі деңгейден шамалы өсуі әбден мүмкін. Жыл соңына инфляция болжамын 8,5 пайыз деңгейінде сақтап отырмыз», – деп жазады сарапшы Асан Құрманбеков.
Азық-түлік нарығындағы баға қысымы әлемдік азық-түлік нарығындағы дефляциялық процестерге байланысты әлсіреуін жалғастырып жатыр. Ішкі нарықта, оның ішінде азық-түлік емес тауарларда бұл үдеріс наурызда өткен жылдың шілдесінен бергі ең төменгі деңгейде болып, теңге бағамының нығаюын одан әрі қолдамақ.
«Салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты инфляциялық күтулер тұрғысынан қосымша деинфляциялық фон туындатады. Нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуі инфляцияға қарсы негізгі фактор болады. Соның салдарынан 2024 жылғы І тоқсанда инфляция өткен тоқсанның деңгейінде және 2023 жылғы ІІ және ІІІ тоқсандармен салыстырғанда жоғары», – дейді мамандар.
Halyk Finance сарапшылары бұған дейін жылдық инфляция қарқынды түрде төмендейтініне күмән келтірген. Өйткені былтыр бір жыл ішінде 10 пайыз азайған инфляцияның одан әрі төмендеуіне ықпал етер алғышарт аз. 2024 жылдың екінші жартысында ғана 9 пайыздан төмендеуі мүмкін.
Сол кезде де сарапшылар 2024 жылы инфляция 8,5%-ды құрап, маңызды инфляциялық факторлар сақталатынын айтқан. Алайда бұл Ұлттық банктің ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуына кедергі келтірмейді деп атап өтті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы жылдық инфляция биыл қаңтарда 9,5%-ды құрады. Ал 2023 жылы желтоқсандағы көрсеткіш 9,8% болған.