Жаңалықтар

АШМ су тасқыны кезінде қанша мал қырылғанын хабарлады: әр мал басына төленетін қаражат әлі бекітілмеген

АШМ 4,1 мың өлген мал жойылғанын хабарлады / Фото: ОКҚ

Су тасқыны болып жатқан өңірлерде 8,1 мың бас мал қырылған. Бұл жайлы орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин айтты.

«Жедел деректер бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 бас»,- деді АШМ өкілі.

Айтуынша, су тасқыны кезіндегі шығынды барынша азайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде министрлік пен облыс әкімдіктері бірлесіп, 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аумаққа айдаған.

Сонымен бірге Тілебалдин республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстары жүргізіп жатқанын айтты.  

«Бүгінгі таңда 4,1 мың өлген мал жойылды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасатын болады«,– деді Тілебалдин.

Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп бекіткен. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылған.

Бұл комиссия су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің мал шығындарын есептеумен айналысады. Шығын төлемін алу үшін мал иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Өйткені ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады.

«Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады», – деді Тілебалдин.

Ұлытаудағы жұт

Еске сала кетсек, су тасқынынан бұрын Ұлытау өңірінде қалың қардан жылқы қырылды. Өңір халқының мәліметінше далада жатқан мал өлекселерінің саны 2000-ға дейін жеткен. 

Ал наурыз күні Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 360 жылқының өлгенін растады. Ол сонымен бірге Ұлытауда жұттың алдын алуға күзде 1,4 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

«Ұлытау өңіріне 1 млрд 400 млн теңге жем-шөпке субсидия бөлінген. Ол қаражат тек жем-шөпке бөлінген. Соған қарамастан, 360 бас жылқы қырылған. Неге бұлай болғанын қазір анықтап жатырмыз. Менің айтпағым, бұған әкімшілікпен бірге, мал иелері де жауапты»,- деді министр.

Екі күн өткен соң АШМ 360 бас емес, 1 475 бас жылқы қырылғанын мойындады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангелді Бердалин айтты.

«Қырылған жылқылардың 1 475-інің өлексесі жойылды. Көтерем болған жылқы басының басым бөлігінде сәйкестендіру нөмірі жоқ (чиптер немесе тавро жоқ). Тиісінше, АШЖБ дерекқорында тіркелмеген. Аудандық ветеринариялық станцияларға мал иесінен өлім фактілері туралы өтініш түспеген»,- деді министрлік өкілі.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттен қолдау және басқа да жеңілдіктер алу үшін мал ресми түрде тіркелген болуы керек. Сондай-ақ есепке алу және ветеринариялық талаптарды сақтау халықты малдың қырылуынан және қауіпті аурулардың таралуынан сақтайды. Есеп болмаған соң, ондай малшылар мемлекеттен жем субсидиясын да ала алмайды.