Жаһандық валюта резервтеріндегі юань үлесі үш жылдағы ең төменгі деңгейге түсті

Жарияланды
Жаһандық валюта резервтеріндегі юань үлесі үш жылдағы ең төменгі деңгейге түсті / shutterstock

Халықаралық валюта қорының резервтеріндегі қытай валютасының үлесі соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге дейін түскен.

Reuters агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың аяғында қытай валютасы 11,45 трлн доллары көлемінде болып, әлемдік валюта резервтерінің тек 2,29%-ын құраған. 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы ең жоғарғы 2,83% деңгейінен кейін күрт құлдырауды көрсетеді.

Әлемдегі ұлттық банктер соңғы жеті тоқсанда өздерінің валюталық резервтеріндегі юань үлесін қысқартты. Екі жылға жуық уақыт ішінде бестен бір деңгейге төмендеген. Goldman Sachs мәліметтері бойынша резервтердегі юань үлесі валюта бағамы бойынша да төмендейді.

«Әлемдік резервтегі қытай валютасының үлесі пандемияға қарамастан, 2020 жылы өскен еді. Алайда 2022 жылы болған ірі геосаяси оқиға юаньді әлсірете бастады. Себебі Қытайдың негізгі серіктесі Ресей Украинаға жаппай басып кірді. Бұл тек рубльдің ғана емес, онымен серіктес юаньнің де біртіндеп құлдырауына алып келеді», – дейді  Лондондағы Goldman Sachs валюта стратегі Майкл Кэхилл.

Оның сөзінше, әлемдегі негізгі 10 орталық банк 2022 жылдан бастап өз қорларына юань алуды тоқтатқан. Бұл геосаяси жағдайдың валюта резервіне қатты әсер ететінін көрсетеді.

Алайда сарапшы ХВҚ дерекқорына енгізілген 149 мемлекеттің қатарына кірмейтін кейбір шағын елдер соңғы екі жылда өздерінің валюта резервтеріндегі юань үлесін арттыруы мүмкін екендігін алға тартады. 

2024 жылдың ақпан айында Қазақстанда Қытай валютасына деген сұраныс артқан. Бұл Ұлттық банктің шетел валютасын сату/сатып алу статистикасындағы деректерден байқалады

Өткен айда ақша айырбастау орындары 233,8 млн теңгеге юань сатқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда (67,8 млн теңге) 3,4 есе артық. 

Соңғы рет юаньге деген сұраныс былтыр қыркүйекте байқалған еді. Ол кезде қытай валютасының сатылымы алдыңғы аймен салыстырғанда 3,7 есе өскен болатын. Қазан айында да юань сатуы екі есеге өсіп, 270 миллион теңгеге жетті. Қарашада қытай валютасына сұраныс өткен айдағы деңгейде қалған. Алайда желтоқсанда юаньның сатылымы 2,5 есе, яғни 96,4 миллион теңгеге дейін азайды.

Алматы қаласының айырбастау пунктері 129 млн теңгеге юань сатқан. Ал Астана қаласында 55,5 миллион теңгеге тең қытай валютасы сатылған. Қарағанды ​​және Павлодар облыстарында сәйкесінше 13,7 млн ​​және 20,7 млн ​​теңгеге айырбас жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз