Bereke bank-тің нарықтық құнын «Үлкен төртікке» кіретін екі халықаралық тәуелсіз бағалаушы анықтаған. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингі «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында айтқан.
«Bereke bank-ті бағалау құнына әртүрлі факторлар әсер етті. Соның ішінде бұрынғы акционердің ақпараттық жүйелерден ажыратылуына байланысты банктің IT-инфрақұрылымына салынған қомақты инвестициясы бар», – деп түсіндірді холдинг.
Сонымен қатар 2022 жылғы күрделі жағдай да өз әсерін тигізген. 2022 жылы банк АҚШ санкцияларына ұшыраған болатын. Қаржы ұйымы ресми санкциялар тізімдерінен шығуға тырысып, ұзақ уақыт бойы халықаралық төлем жүйелері (VISA, MasterCard) мен халықаралық агенттік рейтингтеріне кіре алмады.
20 мамырда қатарлық Lesha Bank Bereke Bank-ті сатып алу бойынша мәміле жасағанын хабарлады. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құрауы мүмкін. Бұл несие мекемесінің меншікті капиталының 39,8%-ына тең (1 сәуірдегі жағдай бойынша 163 млрд теңге). Холдинг банкті сатудан түскен қаржы Ұлттық қорға қүйылмақ,
«Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов осыған қатысты пікір білдіріп, банкті холдинг шартты түрде 1 теңгеге сатып алғанын айтқан.
«Біз оны шартты түрде 1 теңгеге сатып алдық. Шартты түрде 0 теңгеге сатып алсақ, әрине плюске шықтық», – деп жауап берді «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.
2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.
«Бәйтерек» холдинг жауабында банк өз несие портфелінің ең жоғары сапалы бөлігін сатқаны жазылған. Оның кірістілігі саланың нарықтық көрсеткіштеріне сәйкес келді. Сонымен қатар несие портфелі өсімін шектеуге мәжбүр болған. Бұл жағдайлар банктің операциялық қызметіне айтарлықтай әсер етті. Десе де, холдинг мәмілеге оң баға беріп, пайда табуды жоспарлап отыр.