2024 жылы мемлекеттік компаниялар IPO-сы өтпейді. Бірақ келесі кезекте ҚТЖ мен QazaqGaz акциялары қор нарығына шығарылуы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
ipo
Компаниялар IPO-ға әзірленіп жатыр / Фото: Deposit Photos

KASE басшысы Алина Алдамберген 2024 жылы жаңа мемлекеттік компаниялардың IPO-ға шығуы әзірге жоспарланбағанын айтты. Бірақ 2025 жылға қарай Жекешелендіру жоспары бойынша «Қазақстан темір жолы» мен QazaqGaz қор нарығына шығуы тиіс екенін мәлім етті.

«Үкіметтің 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары бар. Бұл жоспар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Оның арқасында біз осы екі жылда үш SPO және бір IPO өткенін көрдік. Бұл да қор нарығы мен саудаға оң әсер етеді. Біздің білуімізше, осы жоспарға сәйкес, «Қазақстан Темір Жолы» мен QazaqGaz әлі нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл олардың дайындығы мен қаржылық жағдайына, жалпы IPO-ға дайындығына байланысты. Сондықтан қазіргі уақытта 2024 жылы IPO болады деп нақты айта алмаймыз», – деді Алина Алдамберген.

gosreestr.kz сайтының хабарлауынша, QazaqGaz-ты жекешелендіру 2025 жылдың мамыр айына жоспарланған. Қазіргі уақытта компанияны бағалау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ ҚТЖ қазір сатылым алдындағы дайындық үстінде (сайтта сауда жылы 2023 жылдың желтоқсаны деп көрсетілген).

Еске сала кетсек, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Компания басшылығы қарыздан құтылудың бірінші жолы – тарифтерді көтеру деп есептейді. Өйткені бұл ақшаның басым бөлігі жаңа теміржол құрылысын салуға жұмсалды. 

IPO (Initial public Offering) – акцияларды биржада орналастыру жолымен акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын инвесторлардың шектелмеген тобына бастапқы жария ұсыныс. IPO нәтижесінде компания акциялары биржадан тыс айналатын жеке компанияға қарағанда жария болады, есептілік ашық, ал шығарылған бағалы қағаздар инвесторлардың кең ауқымы үшін қолжетімді болады. 

Сондай-ақ оқыңыз