Қазақстанда цифрлық активтердің заңсыз айналымы 36 млрд теңгеге жеткен. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, цифрлық қылмыспен күресетін арнайы бөлімшелер құрылғалы, осындай 18 қылмыс анықталған.
2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты 6 үкім шыққан. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 млрд теңге мүлікке тыйым салынды. 4 адам 2 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, 2 адам бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Одан бөлек, ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету, бұлтты бухгалтерия құру және коммуналдық қызмет сапасына байланысты түсетін шағымдарды цифрландыруға бөлінген мемлекет қаражатын жымқырғандарға қатысты 3 іс тіркелген.
Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінде комитет басшысы мемлекеттің цифрландыру саласына бөлген 105 млн теңгесін жымқырғаны үшін 6,5 жылға сотталған.
2024 жылы сот үкімімен 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта криптовалютаны заңсыз айырбастаумен айналысқан Ресей азаматы сотталды. Олардың қылмыстық жолмен алған 58 млн теңге мүлкі мен 5,8 млрд теңге қылмыстық кірісі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
2023 жылдың ақпан айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық активтер туралы» заңға қол қойған. Заң құқықтық базаны құруға, цифрлық активтерді өндіруді реттеуге бағытталған.
Заңға сәйкес, Қазақстан территориясында криптобиржалардың қызметіне, сондай-ақ криптовалюта операцияларын жарнамалауға да тыйым салынады.
Дегенмен криптовалюта өндірісі, майнинг, оны өткізу, цифрлық актив операциялары аралығындағы криптовалюталардың толыққанды өндірістік циклін қамтамасыз ету «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеке юрисдикциясына жатады. Осы жағынан алғанда, майнинг компаниялардың өз өнімдерін отандық криптовалюта биржаларында сату міндеттемелерінің енгізілуі қазақстандық киптовалюта экожүйесін құруға және дамытуға мүмкіндік береді.
Былтыр жаздан бері цифрлық майнерлер мен цифрлық майнинг пулдарының кірісіне салық салынып келеді. 2023 жылы майнерлер Қазақстан қазынасына 9 млрд теңге салық төлеген.