«Шығын кіріске сай болуы шарт»: Қаржы министрлігі 2025 жылы қанша бюджет қаржысын үнемдемек?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
бюджет шығыны
Бюджет шығыны қалай қысқарады / Фото: shutterstock.com

Қазақстан бюджетінің шығысы кірісінен асып түсетіндіктен, ел үкіметі алдағы жылдары бюджет шығынын қысқартуға ниетті. Мәселен, биыл қазынадағы 180 млрд теңге үнемделсе, ал 2025 жылғы жоспардан 360 млрд теңге қысқартылмақ. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл бір реттік шара емес.

Министрдің орынбасары түрлі форум мен дөңгелек үстелдерге кететін шығын қысқарғанын жеткізді. Қазіргі бюджет жоспарына терең талдау жүргізіліп, басқа да мемлекеттік мекемелер шығынының тиімділігі сараланады.

«Қалай болғанда да, біздің шығынды кіріске сай ету жолындамыз. Яғни бюджетті қайта қарап, кей жердегі артық шығынды қысқартамыз. Бұл жұмыс үнемі жүреді. Бюджет кодексі аясында да осы жұмыс қолға алынған», – деді вице-министр.

Біржановтың айтуынша, үнемделген қаржы су тасқыны салдарын жоюға бағытталмақ. Вице-министр су тасқыны салдарын жоюға қанша қаржы кеткенін нақтыламағанымен, Үкімет резервінен 49 млрд теңге бөлінгенін айтып өтті.

ҰЭМ болжамына сәйкес, 2025 жылға арналған республикалық бюджет шығысы 7% өсіп, 25,8 трлн теңгені құрайды. Ал бюджет тапшылығы 14%-ға, яғни 4,1 трлн теңгеге дейін артпақ.

Мәжіліс депутат Әділ Жұбанов бюджет шығыстарын оңтайландырмаса, ел бюджеті банкротқа ұшырауы мүмкін деп пайымдайды. Ел бюджеті шығысының 40%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады.

Сондай-ақ оқыңыз