2025 жылға дейін алынған қарызы бар жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алмауы мүмкін

2025 жылға дейін алынған қарызы бар жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алмауы мүмкін. Банктен рәсімделген болсын, микроқаржы ұйымдарынан алынған шағын несие болсын – қазір шартқа борышты реттеу туралы талап таралмайды.
Бұл өзгеріс «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға енгізілмек. Қазір мәжіліс осы заңға енгізілетін өзгерістерді қарап жатыр. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұл түзетулер банкроттыққа өтініш берушілердің құқығын қорғауға бағытталған.
«Түзетулердің негізгі міндеті – соттан тыс/сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тиімділігін арттыру. Осыған байланысты, түзетулердің аздығына қарамастан, олар көрсетілген рәсімдердің барлық кезеңдерін: рәсімдерді қолдану туралы өтініш беру, рәсімдерді жүргізу және рәсімдер аяқталғаннан кейінгі құқықтық қатынастарды қамтиды»,- делінген кірістер комитетінің хабарламасында.
Тағы қандай өзгеріс бар?
Сонымен қатар түзетулер борышкерге соттан тыс банкроттық рәсімін өз қалауымен, себебін көрсетпестен тоқтату құқығын береді. Егер рәсім уәкілетті орган тарапынан тоқтатылса, борышкер алты ай өткен соң, қайтадан өтініш бере алады.
Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін, борышкердің бүкіл қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелері тоқтатылады. Соның ішінде кредиттік бюроларға тіркелмеген қарыздар да жойылады.
Жеке тұлға банкроттығы
Қарызын төлей алмай жүрген адамдар 2023 жылдан бері банкроттыққа өтініш бере алады. Алайда былтыр қазақстандықтардың банкроттыққа берген өтінішінің 75%-ы мақұлданбаған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің есебінше, елде 1 миллионға жуық адам банкроттық шегінде өмір сүреді. Жалпы 13 мыңнан аса адам банкрот деп танылған.
Банкрот деп танылған азаматтар 3 жыл бойы салық органдарының бақылауында болады.