Қазақстанда отандық кредиттік рейтинг агенттігі құрылады

Жарияланды
Қазақстанда кредиттік рейтинг агенттігі құрылуы мүмкін / Фото: shutterstock

Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасын дайындады. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды және 25 ақпанға дейін талқылауда болады.

Агенттіктің түсіндіруінше, жаңа ұйым рейтинг берілетін және рейтинг пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылады.

«Заң жобасының қабылдануы рейтингтік қызметтер нарығындағы бәсекелестікті арттыруға, бұл өз кезегінде рейтингтік қызметтердің құнын төмендетуге және оларды бизнес үшін қолжетімді етуге ықпал етеді. Сондай-ақ рейтингтік қызметтердің сапасын арттыруға және капитал нарығының одан әрі дамуына жәрдемдеседі», – делінген түсіндірме жазбада.

Құжатта рейтингтерді жариялау талаптары, ақпараттың сапасы, сондай-ақ болашақ қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшылары мен акционерлеріне қойылатын талаптар көрсетілген.

Заңның қабылдануы мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

  • Бизнесті (кредиттік тәуекел бойынша) қамтамасыз етілмеген қаржыландыруды кеңейту үшін нарық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде корпоративтік облигациялар нарығын дамыту;
  • Қазақстандық компаниялар, соның ішінде ШОБ үшін рейтингтік қызметтердің құнын төмендету;
  • Кредиттік тәуекелдерді бағалау саласындағы ұлттық құзыреттілік орталығын құру;
  • Қаржы секторының автономиясын арттыру (халықаралық және өңірлік рейтингтік агенттіктерге тәуелділікті төмендету);
  • ЕАЭО кеңістігінде бәсекеге қабілетті қазақстандық рейтингтік агенттік құру.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жоспарынша, жоғарыда жазылған мақсаттарға заң қабылданғаннан кейін, жеті жыл ішінде жету көзделген.

Рейтинг агенттігі нарықтағы ұйымның қаржылық жағдайын, несие беруге қабілетін бағалайды. Қазақстандық банктердің жағдайын шетелдік Moody’s, S&P, Fitch тәрізді рейтинг агенттіктері анықтайды. Мәселен, былтыр жыл соңында S&P агенттігі қазақстандық жеті банктің рейтингін көтерді.

Бірақ бұл шетелдік ұйымдардың Қазақстанда ешбір өкілдері жоқ. Олар тек қазақстандық эмитенттердің тапсырысы бойынша ғана жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз