Жаңалықтар

Депутат Аймағамбетов 5 жасар баланы пышақтап кеткен жасөспірімді жазалауды құптамады

Аймағамбетов: Психикалық ауытқуы бар адамдарды жазалау мәселені түбегейлі шешпейді / Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов Астанада 5 жасар балаға лифт ішінде жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді. Депутат психикалық ауытқуы бар адамдардың теріс қылықтары үшін кім жауапты екенін айтты.

Аймағамбетов мұндай жағдайда қоғамның дұрыс қорытынды жасауы маңызды деп санайды. Ал психикалық ауытқуы бар адамдарды қамауға алу, мәселені түбегейлі шешпейтінін, керісінше кешенді тәсіл қажет екенін айтады.

«Біріншіден, қазір қылмыстық іс қозғалды. Екіншіден, мемлекеттік органдар мен үкімет жұмыс істеп жатыр, мен олардың кешенді шаралар қабылдайтынына сенемін. Себебі бұл мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы немесе нақты бір оқиға бойынша шешу мүмкін емес, өйткені ол жалпы жүйелі сипатқа ие. Осындай мәселелер туралы айтқанда, біз оларды анықтау, бақылау және қолдау көрсету жайында сөз қозғауымыз керек. Егер дамуында, психикалық денсаулығында мәселелері бар балалар туралы айтатын болсақ, өкінішке қарай, статистика олардың саны елімізде жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетіп отыр», – деді депутат мәжіліс кулуарында.

Мәжілісмен оларға тыйым салу немесе шектеу қойғаннан гөрі, қалай қолдау көрсетуге болатынын назарға алу дұрыс екеніне мән беру керектігін айтады. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік, психологиялық қызмет жұмысын жақсартып, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруы керек деген пікірде.

«Бұл жерде шектеу тұрғысынан емес, керісінше, қалай қолдау көрсетуге болады, қалай алдын алуға болады, қандай профилактикалық жұмыстар жүргізу керек, соның ішінде осындай отбасыларға қандай көмек көрсету қажет деген тұрғыдан қарауымыз керек. Әрине, жауапкершілік болуы тиіс, бұл сөзсіз. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Менің ойымша, ата-аналар да жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар психиатриялық қызметке қатысты да тексерістер жүргізіледі», – деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, 11 қаңтарда Астанадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде 14 жастағы жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасаған. Жаға ұстатарлық сұмдық жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Онда жасөспірім балаға бірнеше мәрте пышақ сілтеп, бетін тіліп жіберген. Бұл оқиғадан соң жасөспірім ұсталды. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан баланың күретамыры зақымданған, қазір ауруханада жатыр.