Lifestyle

Таиландта шетелдіктер үшін туристік салық енгізіледі

Таиландта шетелдіктер үшін туристік салық енгізіледі / фото: shutterstock

Таиландта шетелдік туристерге арналған салық 2025 жылдың соңына дейін енгізілуі мүмкін. Бұл туралы сол елдің туризм және спорт министрі Соравонг Тьентхонг хабарлады.

Министрдің айтуынша, әуе көлігімен келетін шетелдіктерден 300 бат (шамамен 3 800 теңге) көлемінде салық алынады. Ал құрлық немесе су жолдары арқылы келетіндер үшін салық мөлшері өзгермейді, бірақ олар бұл сомаға бір емес, бірнеше рет кіріп-шыға алады. Мұндай мүмкіндік бір-екі айға беріледі.

Қазіргі таңда туристік алымның нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Өйткені бұл үшін елге келушілерге арналған цифрлық карта (TDAC) жүйесі іске қосылуы қажет. Билік өкілдерінің болжамынша, бұл жүйе 1 мамырдан бастап жұмыс істейді. Егер бәрі жоспар бойынша іске асса, туристік салық 2025 жылдың соңында, жоғары туристік маусымда күшіне енеді.

«Туристік алым көлемі аса үлкен емес, сондықтан туристердің келуіне кедергі болмайды. Бірақ егер салық жинау процесі тым күрделі болса, қиындықтар туындауы мүмкін. Біздің мақсатымыз – бұл процесті мүмкіндігінше ыңғайлы ету», – деді министр Тьентхонг.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар Таиландта 60 күнге дейін визасыз жүре алады.