Қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазынаның» тендерлерін бақылап отырады

Қаржы министрлігіне квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларын бақылау құзыреті берілді. Енді ведомство осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды қарайтын болады. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) ұсынысымен заңнамаға осындай түзетулер енгізілген.
«2025 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 722-бабының бірінші бөлігіне түзетулер енгізілді. Нәтижесінде Қаржы министрлігі квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларындағы бұзушылықтарға жедел ден қойып, өз тергеулерінің қорытындысы бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік алды», -деп жазылған ЖАП хабарламасында.
Бұған дейін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде (ӘҚБК) квазимемлекеттік сектор компанияларын жауапкершілікке тарту нормасы болмаған. Енді Қаржы министрлігі сатып алу ережелерінің бұзылуына жедел әрекет етіп, өз бетінше тексеру жүргізуі тиіс.
«Нәтижесінде Қаржы министрлігі квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларындағы бұзушылықтарға жедел ден қойып, өз тергеулерінің қорытындысы бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік алды», – деп түсіндіреді аудиторлық палата өкілдері.
Қазақстандағы ірі квазимемлекеттік секторға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком» және «Қазпошта» тәрізді ірі компаниялар кіреді. Олар жүзеге асыратын сауда-саттық көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған келісімшарттардың көлемі бес есе өскен. Биыл мемлекеттік сатып алуларға 1 трлн теңгеге жуық қаржы жұмсалған.