Ұлттық банк басшы қазіргі ипотека мөлшерлемесі тым қымбат деп есептейді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 11-12% мөлшерлемемен 10-20 жылға берілетін ипотека – борышкерлер үшін өте ауыр жүк деп есептейді. Ол бұл пікірін базалық мөлшерлеменің өсуіне арналған брифинг барысында білдірді.
Сүлейменовтен журналистер Қазақстанда ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарына қатысты пікірін сұрады. Бұған дейін тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
«Неліктен біз бұл қадамды дұрыс деп есептейміз? Себебі 20%-дық ипотека – тиімді қаржы құралы емес. Тіпті 11-12%-бен 10-15-20 жылға несие алу да үлкен жүк. Өйткені қосылатын пайыздық төлемдердің мөлшері өте жоғары, оны өтеу қиынға соғады», – деді Сүлейменов.
Оның сөзінше, базалық және нарықтық мөлшерлемелер жоғары кезде ипотека халық пен банктер үшін оңтайлы шешім емес. Сондықтан мемлекет «Наурыз» және «7-20-25» секілді жеңілдетілген бағдарламаларды іске қосып жатыр.
«Яғни ипотека бар, бірақ оны мемлекет тарапынан арзандату қажет. Әйтпесе, 2000-жылдардың соңы мен 2010-жылдардың ортасында орын алған жағдай қайталануы мүмкін, ол кезде көптеген қарыз алушылар ипотека төлемін өтей алмай, қиындыққа тап болды», – деп түсіндірді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы қазіргі таңда күрделі қаржылық жағдайға тап болған бірнеше мың адамның ипотекалық қарызы Ұлттық банк бюджетінен өтеліп жатқанын мәлімдеді.
Дегенмен, Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлемені көтермесе, инфляция қарқын ала беретінін де айтады.