Банк пен қаржы

KASE төрағасы Алина Алдамберген 31 наурыздан бастап қызметінен кетеді

KASE
Алина Алдамберген / Фото: ашық дереккөз

Қазақстан қор биржасы директорлар кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 31 наурызынан бастап Алина Алдамберген KASE басқарма төрағасы қызметінен кетеді. Бұл туралы қор сайтында жарияланған.

Алина Алдамберген 2016 жылдың 9 ақпанынан бастап KASE басқарма төрағасы лауазымына тағайындалған еді. Бұған дейін түрлі қаржы ұйымдарда қызмет атқарды.

«Алина Алдамбергеннің басшылығымен KASE жаңа ақпараттық жүйелер, жаңа құралдар мен жаңа бизнес енгізіп, басқаша даму деңгейіне шықты. Жаңа сауда жүйелеріне көшу жүзеге асырылды, KASE-де еліміздің қор нарығы тарихындағы ірі IPO-лар өткізілді. KASE нарықтарындағы биржалық айналым төрт еседен астам өсті. Алина Алдамбергеннің басшылығымен жасалған нарық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам ретінде KASE периметрі бойынша клирингтік қызмет және орталық контрагенттің қызметін жеке ұйымға бөлуді атап өтуге болады», – деп жазылған қор биржасы таратқан хабарламада.

Қазақстан қор биржасы Алина Алдамбергеннің нарықтағы ең беделді сарапшы болғанын атап өтіп, директорлар кеңесі, басқарма және KASE ұжымы атынан қаржы нарығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Бірақ қызметтен кетуіне нақты не себеп болғаны белгісіз.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Алдамбергеннің қызметінен кететіні туралы жаңалық жарияланғанды. Төрағаның өзі Kursiv. Media-ға берген жауабында бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. Тек «ресми ақпарат күтіңіздер» деген еді.