Қазақстан даму банкі жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін 200 млн еуро инвестиция тартады

Қазақстанның даму банкі жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін 200 млн еуро тартады. Бұл Ұлттық банктің 14 наурыз күнгі ресми валюта бағамына сәйкес, 107,6 млрд теңгеден асады.
Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) мен Еуропалық инвестициялық банк (EIB Global) инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған 200 млн еуро көлемінде келісімге қол қойған.
Тартылған қаржы елдегі көлік инфрақұрылымын жақсартып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ жасыл энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Жолдарды қалпына келтіру жұмыстары елдің транзиттік әлеуетін арттырып, жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздеріне салынған инвестициялар Қазақстанның көміртек шығарындыларын азайтып, қазба отынға тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаевтың айтуынша, халықаралық қаржыландыруды тарту және EIB Global-пен әріптестік маңызды инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға серпін береді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 трлн теңгеге немесе 60,8 млрд долларға артып (теңгенің долларға шаққандағы бағамы 523,5 теңге), Ұлттық банктегі барлық қаражаттан да асып түсті