
БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясындағы бітімгерлік контингент құрамында қызмет еткен әскерилер елге оралды. Оларды астаналық әскери авиация базасында қошеметпен күтіп алды деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Елге келген 38 әскери қызметші екінші ұлттық контингенттің командалық құрамына лауазым мен істерді беру үшін Фауардың бітімгерлік базасында қалған еді. Оларды Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қарсы алды. Қолбасшылық өкілі оларға адал қызметі және бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Бір жыл бойы дербес қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдаумен айналысқан. Жауапкершілік аймағында жеке құрам 600-ден аса тапсырманы орындады.
Бұған дейін сәуірдің ортасында Голан жотасында болған қазақстандықтардың алғашқы бөлігі келген еді. Оларды 2024 жылдың наурызында елден кеткен. Бітімгерлік әскерін жібергені үшін Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанға жылына 5 млн доллар қаражат төлейді.
Бірақ жақында депутаттар бітімгерлік миссиясына кеткен қазақстандықтардың әлі күнге дейін жалақы алмағанын айтты. Жауапты ведомство барлығы БҰҰ-мен арадағы келісім-шарттың дайын болуына байланысты деп түсіндірді.