
Бас прокуратура Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен белгілі спортшылар мен ҚАЖД №11 мекемесінде жазасын өтеп жатқан балалар арасында кездесу ұйымдастырылғанын хабарлады.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, панкратион бойынша әлем және Азия чемпионы Ардақ Назаров, ММА бойынша екі дүркін әлем чемпионы Қазыбек Әшімов, ММА бойынша әлем чемпионы Аңсар Дәулетбай, сондай-ақ ММА бойынша жаттықтырушы Батырбек Абылай қатысқан.
Қонақтар тәрбиеленушілерге өмірінде өткен түрлі жайттар туралы айтып, ерік-жігер, тәртіп және қабылдаған дұрыс шешімнің маңызына тоқталған. Жетістікке қалай қол жеткізгені туралы әңгімелеген.
«Кездесудің басты мақсаты – кәмелетке толмаған сотталғандарды ынталандыру және түзелуге жігерлендіру. Белгілі тұлғалармен қарым-қатынас жасау, балалар үшін құнды тәжірибе мен шабыт көзі болып, әркімнің өз өмірін өзгертіп, дұрыс жолға түсуге мүмкіндігі бар екенін көрсетті», – делінген хабарламада.
Алматы қаласының прокуратурасы жастарды өміріне жауапкершілікпен қарауға, заңды құрметтеуге және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуға шақырады.
Бұған дейін, Ардақ Назаров мәжілістің ресми отырысында анасын туған күнімен құттықтағанын жазғанбыз.