
Epetition.kz сайтында электросамокаттарға тыйым салуға қарсы петиция жарияланды. Автордың айтуынша, мәселені шешудің дұрыс жолы – адамдарды экологиялық әрі ыңғайлы көлікке отыруға ынталандыру.
«Бұл петиция саналы әрі жауапты электросамокат қолданушыларын қолдау үшін жасалды. Олар ережені сақтайды, қалада қауіпсіз әрі жайлы жүруге тырысады. Иә, самокаттармен байланысты оқиғалар көбейіп келеді, кейде қолайсыздық туғызады. Бірақ автокөліктермен болатын апаттар да артып отыр. 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматыда жол апаттары 59%-ға өсті, 42 адам қаза тапты. Ал самокатшылардың кесірінен бірде-бір адам қайтыс болған жоқ. Сондықтан мәселе самокатта емес, биліктің дұрыс саясат жүргізбеуінде. Тыйым салу немесе қисынсыз шаралар жағдайды нашарлатуы мүмкін», – дейді бастамашы.
Автор неге самокаттар тротуармен жүреді деген сұрақ қояды
- Біріншіден, Қазақстандағы жол ережесіне сай, автожолға шығу үшін жүргізуші куәлігі мен дулыға (шлем) керек. Бұл – артық талап. Өйткені самокат та, велосипед те аса қауіпті көлік емес. Ал жастардың басым бөлігінде жүргізуші куәлігі жоқ, сондықтан олар тротуармен жүруге мәжбүр. Ал шлемді үнемі сөмкеде таситын адам аз. Бұл талап таксиге отырғанда балаларға арнайы орындық алып жүру керек дегенмен тең. Яғни іс жүзінде орындау қиын.
- Екіншіден, Қазақстан жолдарында екі доңғалақты көлікпен жүру өте қауіпті. Себебі бізде велосипедші не самокатшыға қауіпсіз қашықтық сақтау талабы жоқ. Еуропада автокөлік велосипедшіні 1,5–2 метр қашықтықтан ғана басып озады, ал бізде – 0 см, бәрі жүргізушінің еркіне байланысты. Сондай-ақ Еуропаның көп қаласында кей көшелерде көлік жылдамдығы 30 км/сағ-қа дейін шектелген. Бізде жолда көліктер 60–80 км/сағ жылдамдықпен жүйткіп, қашықтық сақтамайтындықтан, самокатшылар үшін қауіпті.
Автордың айтуынша, кикшерингілік компаниялардың жұмысына тыйым салу және екі доңғалақты көлікті шектеу қаладағы кептелісті одан әрі күшейтуі мүмкін.
Жоғарыдағы мәселелерді атай келе, оны шешу үшін петиция авторы мынадай шараларды ұсынды:
- Екі доңғалақты көлік жүргізушілеріне, әсіресе самокатшыларға қосымша кедергі жасамау;
- Қалаларда веложолақтар желісін кеңейту үшін автокөлік жолақтарының енін 3,5 метрден 2,75 метрге дейін қысқарту;
- Самокат жүргізушілеріне жолда жүру үшін жүргізуші куәлігін талап ететін артық шартты алып тастау;
- Жол ережесіне екі доңғалақты көлікті басып озғанда кемінде 1,5 метр қашықтық сақтау нормасын енгізу;
- Тротуарды немесе кикшерингілік компаниялардың жұмысын шектеудің орнына, жаяу жүргіншілердің тротуарда басымдығын заңмен бекіту және самокат қолданушылардың жасын цифрлық сервистер арқылы анықтау.
Еске салайық, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха елде электрсамокат жүргізушілеріне тротуармен жүруге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін деген еді.